АУЫР ХӘЛ АЛДЫНДА ЖАТҚАН АДАМҒА НЕ ЖАСАЛАДЫ

27 ақпан 2024 850 0
Оқу режимі

Жан тапсырғалы жатқан адамды бүйірініе жатқызып, жүзін кұбылаға бұру - сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) Мадинаға келген кезде, Барр ибн Марур де-ген кісі жайлы сұрады. Сахабалар (р.а): «Ол дүниеден өтті. Дүние-мүлкінің үштен бірін сізге беруді және жан тәсілім етерде жүзін кұбылаға қаратуды өсиет етті», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын): «Онда ол Исламды таңдапты. Дүние-мүлкінің үштен бірін баласына қайтардым» деген.

Ханафи мазабының мәшһүр енбектерінің бірі Бурнануддин эл-Марғинанидің «әл-Һидая» кітабында былай делінеді: «Өлім халінде жатқан кісі қабірдегі жағдайына ұқсатылып оң бүйірімен құбылаға қаратып жатқызылады. Өйткені ол сол хәлге бет алды».

Маулана Низамнын «әл-Әламгирия» пәтуаларында: «Жан тәсілім хәліндегі кісі он бүйірі мен жүзі құбыла тарапына қаратылып жатқызылады. Бұл - сүннет», - делінген.

«Әл-Бахр ар-Раикта» да: «Жан тәсілім хәліндегі кісі оң бүйірі кұбыла тарапына қарайтындай қисайтыңқырап жатқызылып, жүзі құбылаға қаратылады. Себебі ол - ғибрат етілген сүннет. Оны орындау қиын болса, онда аяғын құбылаға бағыттап, шалқалай жатқызып,басын көтеріңкіреп, жүзі құбылаға қаратылады»-делінген.

Егер бұл да науқасқа қиыншылык тудыратын болса, онда сол күйінде қалдыруға рұқсат. Дегенмен,қоғамда хәл үстіндегі адамды шалқасынан жатқызу әдеті қалыптасқан.

Талқин жасату амалы.

Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Ләә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтқызу үшін қасында шәһәда кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру мустахаб амалға жатады. Себебі, Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

«Өлім сатінде жаткан кісілеріңе «Ла иләһә иллалланы айтқызыңдар» (Мүслім риуаяты). Жоғарыдағы мәтіннен байқағанымыздай, өлім хәліндегі кісіге кәлима шаһадатты айтқызу - с ү н н е т. Мұны шариғатта талқин деп атайды. Талқин сөзінің мағынасы қайталату, айтқызу, үйрету, оқыту.

«Лә иләһә иллаллаһ» дегеннен соң дүнияуи сөз сөйлемесе, оған аталмыш кәлиманы қайталатудың қажеті жоқ. Ал егер кәлимадан кейін дүнияуи сөз сөйлеп қойса, онда кәлиманы қайта айтуы үшін есіне салған жөн. Жан тапсырайын деп жаткан кісінін жанында бала-шағасы мен ең жақын адамдары және дос-жарандарының қасында болуы мұстахаб. Қасында тұрған кісілердің сырқатқа дұға етуі- мұстахаб («Әл-Аламгирия» пәтуәлары).

Хайз (етеккір)немесе нифас (әйелдерде босанғаннан кейінгі келетін қан) жағдайындағы әйелдер және жүніп, яғни ғұсыл құйынуы тиіс кісілер жан тапсырайын деп жатқан кісінің жанында болмағаны жөн («Әл-Бахр ар- Раик» кітабы). Өлім хәлінде жатқан кісінің қасына хош иісті әтірлер қою - мұстахаб»,- деген.

Өлім алдындағы кісінің қасында кәлима айтып отыруды қазақ танымында «иманын үйіру» деп атайды. Қалай болғанда да пенденін соңғы сөзі кәлима шәһадат болуы үлкен бақыт

 

Тоқашев Нұржан

Астана қаласы,

«Qamqor-sharapat»

салттық қызмет орталығы,

«Әл Ғани» мешітінің

наиб имамы

 

 

 

 

Пікірлер Кіру