ИСЛАМДЫҚ ОҚУ-АҒАРТУДЫҢ ЖӘНЕ БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

26 сәуір 2024 346 0
Оқу режимі

Ислам келмей тұрып арабтар ғылымға көп қызығушылық таныта қоймаған. Өздерінің күнделікті тұрмысына ғана қажетті білімге ие еді. Бүгінде біз оларды былай деп топтастыра аламыз.

1. Ырым-тыйым мен салт-дәстүрлер.

2. Аңыз-әңгімелер.

3. Бал ашу, көріпкелдік.

4. Жұлдыз бен аспан әлеміне қатысты сенімдері.

5. Медицина. Көшпенділер арасында, қарапайым қалаларда

 біраз дамыған.

6. Мал дәрігерлігі. Әсіресе, жылқыға маңыз берілген.

7. Ауыз әдебиеті мен өлең.

8. Шежіре.

9. Жер тану.

10. Түс жору[1].

Сонымен бірге ол кездегі салт-дәстүрлердің көбінің жібі түзу емес еді. Әйелдерге деген құрмет жоқтың қасы. Әкесі қайтыс болса ер жігіт өзінің шешесін әйелдікке алатын. Қыз баланы тірідей көметін еді.[2] Пайғамбарымызға (с.а.с.) осындай қоғамды тура жолға салу керек болды. Құранда да Елшінің (с.а.с.) міндеті тура жолды көрсету, жақсылыққа шақыру екені айтылады.

Ислам келген уақытта, дүние-жүзі бойынша ғылым әлі үстемдік құрмаған, сауаты бар адамдар қай жерде болса да тапшы еді. Араб елдерінде де солай болды. Пайғамбарлық келген кезде Меккеде 15-20 шақты адамның ғана сауаты бар еді[3]. Бұлардың арасында хазірет Омар, Осман, Әлилер бар. Ал Мәдинада тіпті жоқтың қасы. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) айтқанындай, сол кездегі арабтар «оқу-жазу білмейтін үмми» болды.[4]

Хижретке дейінгі оқу-ағарту

Ислам діні келгеннен кейін арабтарда сауат ашу қарқынды түрде етек жайды. Тарихта басқа ешқандай халықтың аз уақытта бұлай дамуы кездеспеген. Оқу-жазу білмейтін пайғамбарға келген алғашқы уахидың оқуды әмір етуі назар аударарлық. Құранның ең алғашқы әмірі «Оқы» болғандықтан, мұсылмандарға жүктелген ең алғашқы міндет те оқу. Құран сөзі арабша «қа-ра-а» сөзінен шығып, оқу мағынасын береді.

Хазірет Пағамбар және оның төрт халифасының мемлекет басқарған бақыт ғасырында жаңа оқу-тәрбие жүйесі қалыптасты. Негізі Құран, мұғалімі Мұхаммед (с.а.с.), шәкірттері сахабалар болған бұл жүйе аз уақытта табысқа жетті. Біз Мекке дәуірінде де Құран оқудың өте жоғары маңызға ие болғанын көреміз. Өйткені дінді жаю, Исламды және Хақтың кітабын түсіну оқу-жазуға байланысты еді. Құран әуелі жазылып, кейін оқу білетіндер білмейтіндерге оқитын. Хазірет Омардың (р.а.) Аллаһқа бойсұнуына себеп болған да осындай бір оқиға еді.[5]

Хижреттен кейінгі оқу-ағарту

Бақыт ғасырында мәдениеттің негізі саналған оқу-жазудың азаттыққа тең болғанын көреміз. Бәдір соғысында тұтқынға түскендердің ішінде құн төлейтін ақшасы жоқ сауаты бар тұтқындардың әрқайсысы он мұсылман балаға хат танытып бостандық алды. Бұл ағарту ісінің алғышарты еді. Әрбір адамның ғылымда, ахлақта, амалда да бір-бірін тура жолға шақырып, білгенін басқаға үйретуі Исламның негізге ұстанымы болып табылады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәуірінде діни сауатты болу жалпыға бірдей міндет болғанын көрсететін дәлелдер бар. Хадисте былай дейді: «Дінде ілім иесі болу барлық мұсылманға парыз. Үйреніңдер, басқаға үйретіңдер, ғылыммен айналысыңдар. Надан болып өлмеңдер».[6] Олай болса біз де қазіргі күнде ғылымды біліп қана қоймай, оны үйретуге міндеттіміз.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ

 


[1] Хусейн Услу, Башлангычтан гүнүмүзе Ислам мүессеселери тарихи, Стамбул 1985.

[2] Ғұсман Кескиоғлу, Сияри Нәби, Анкара 1995, 7 б.

[3] Мухаммед Хамидуллах, Хадис тарихи, 1967 16 б.

[4] Бухари, Саум 13, Муслим, Сиам 15

[5] Ғұсман Кескиоғлу, Сияри Нәби, Анкара 1995, 32 б.

[6] Ибн Мажа, Муқаддима, 18 б.

Пікірлер Кіру