«Әл-Ғани» мешітінде «Мектепке жол» акциясы өтті (ФОТО+ВИДЕО)

23 тамыз 2019 5017 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Нұр-Сұлтан қаласындағы құлшылық ордаларының «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бастау алды. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қайырымдылық шарасының алғашқы көмегі «Әл-Ғани» мешітіне өтініш білдіріп, әлеуметтік жәрдем алуға тіркелген жамағатқа арналды. Мешіт бас имамы Бағдат Абдукаримовтың айтуынша, қайырымдылық акциясының шарапаты бұл жолы 40 отбасыға тиген.

Жұма намазынан соң арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзі қатысып, жаңа оқу жылына сақадай-сай әзірленген бүлдіршіндерге ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын арнады.. Мешітке келіп, қажетті құрал-жабдықтар толы мектеп сөмкесіне қол жеткізіп, қуаныштары қойнына сыймаған оқушыларға білімнің қадір-қасиетін жеткізіп, сабақтарын жақсы оқуға шақырды. Сондай-ақ, оқушылардың ата-аналарына мектеп формасына қажетті қаржылай көмек те берілді.

Айта кетейік, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы алдағы күндері Елорда мешіттерінде бірінен соң бірі жалғасы табатын болмақ. жалпы жоспар бойынша, бас шаһардағы құлшылық ордалары биылғы жылы 1000-ға жуық мұқтаж отбасыға жәрдемін тигізбек.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру