БІЛГЕНІҢДІ СӨЙЛЕП ҚАЛ, БІЛГЕНДЕРДЕН ҒИБРАТ АЛ!

29 тамыз 2025 1438 0
Оқу режимі

Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:

Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? — деп сұрайды.

Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:

— Ер басында бақыт - бесеу, кемдік — үшеу, құлазу — төртеу. Астындағы атың жүрдек болса, Жалғанның пырағы;

Алғаның жақсы болса,

Үй мен қонақтың тұрағы;

Әкең - асқар тау,

Шешең - қайнар бұлақ,

Балаң жақсы болса

Екі көздің шамшырағы.

Міне - бес бақыт осы.

— Атың шабан болса, Жалғанның азабы;

Алғаның жаман болса, Дүниенің тозағы;

Балаң жаман болса, Көрінгеннің мазағы.

Міне, - үш кемдік осы.

Қалың ел көшсе,

Көл құлазиды,

Қаптаған мал кетсе,

Бел құлазиды.

Нарқын танымаған

Сөз құлазиды,

Қатарынан айрылған

Шал құлазиды.

Міне, - төрт құлазу осы.

 

***

Балаби қартайған шағында халқын жиып:

Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не? — деп, төрт сұрақ берген екен.

Ешкім шеше алмапты.

Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешкен екен:

Жерден ауыр дегенім — ақыл, білім.

Судан терең дегенім — оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім — фани жалған, адамның өмірі.

Көктен биік дегенім — тәкәббардың көңілі.

 

****

Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында, Әсет би көрісе кеп былай деген екен:

— Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, - депті.

Сонда Абыз былай дейді:

Ата - ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің. Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің. Балалықтың қадірін

Саналы болғанда білерсің. Асыл менен жасықты

Бағалы болғанда білерсің. Бостандықтың қадірін Жабылғанда білерсің. Қалтаңдағы ақшаңды Қағылғанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін Ауырғанда білерсің.

Ақ бетіңнің қадірін

Қан кеткенде білерсің.

Ақ білектің қадірін

Әл кеткенде білерсің.

Жиырма бестің қадірін

Жас өткенде білерсің.

Қара көздің қадірін

Нұр кеткенде білерсің. Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің.

Жақсы әйелдің қадірін Өлгенінде білерсің.

Жақсы туыс қадірін

Көмгенінде білерсің.

Аяқ - қолдың қадірін

Ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін

Қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін

Тоқтағанда білерсің.

Білгеніңді сөйлеп қал, Білгендерден ғибрат ал!

 

 

Пікірлер Кіру