ПАТШАҒА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН КІСІ

13 қазан 2025 1193 0
Оқу режимі

Бір соғыстан кейін халифа Омар түскен олжаны халыққа теңдей бөліп берді. Әркімнің олжасына бір-бір жыртыс мата тиді. Алайда бұл мата бір киім тіктіруге келмейтін еді. Өзінің ұлы Абдуллаһ:

– Мен өзімнің ақымды сізге берейін, сіз өзіңізге бір көйлек тіктіріп алыңыз, – деді.

Хазірет Омар ұлының бұл ұсынысын қабыл алды. Бірнеше күн өткен соң тігілген киімді үстіне киіп, халықтың алдына сөз сөйлеуге мінберге шықты:

– Уа, мүминдер! Мені тыңдап, маған мойынсұныңыздар.

Осыны айтуы мұң екен, артқы сапта отырған пақыр бір кісі тұрып:

– О, мүминдердің әміршісі! Мен саған бағынбаймын, – деді.

Бұл сөзді естіген халифа бірден іркіліп:

– Неге? – деді. Пақыр себебін түсіндірді:

– Соғыстан түскен олжадан таратылған мата ешқайсымызға киім тіктіруге жетпеді. Алайда сен ол матадан өзіңе көбірек алып, киім тіктіріп алыпсың, – деді.

Жауабын бере алмай қаларлық қандай іс істеп қойдым екен деп ойы сан–саққа кетіп қобалжыған хазірет Омардың мұны естіген кезде көңілі орнына түсті. Болған жайды халыққа түсіндіру үшін жамағаттың ішіндегі ұлын қасына шақырды. Баласы Абдуллаһ өзінің үлесін әкесіне бергенін, әкесінің содан киім тіктіргенін халыққа айтып берді.

Мұны естіген халық та қатты қуанды. Сол кезде бағанағы кісі тұрып:

– Енді айтарыңды айт, мүминдердің әміршісі. Енді саған бағынамын, – деді.

Әділеттің ақ берені Омар:

– Аллаһым, мені жасаған қателерімді ескертетін бір үмбетке халифа еткенің үшін саған шексіз мадақ айтамын, – деп қолдарын көкке жайып дұға етті.

Ел басқарған адамдардың бәрі осындай болса ғой шіркін!

 

Nagashybay KABYLBEK

Пікірлер Кіру