АСТАНАДАҒЫ «ТӨЛЕБАЙ» МЕШІТІНДЕ РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

13 қазан 2025 1024 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Төлебай» мешітінде қасиетті Мәуліт мерекесіне арналған тағылымды рухани кеш өтті.

Кешке ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, белгілі ғалым Сансызбай Құрбанұлы, Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов, сондай-ақ елорда мешіттерінің имамдары мен көпшілік жамағат қатысты.

Шара барысында ұстаз Сансызбай Құрбанұлы мен қала Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы мен адамзатқа қалдырған асыл мұрасы жайында тағылымды уағыз-насихат айтты. Олар өз сөздерінде Алла Елшісінің (ﷺ) мейірім мен сабыр, әділдік пен рақым сынды көркем мінезін үлгі ете отырып, жамағатты сол өнегеге ұмтылуға шақырды.

«Үмметіне үлгі болған Мұхаммед (ﷺ)» тақырыбында өткен бұл рухани жиында мәуліт жыры оқылып, Пайғамбарға салауаттар айтылды. Әсем әуен мен жүрекке жылы сөздер шараның рухын арттырып, тыңдаушыларды терең әсерге бөледі.

Сонымен қатар, жамағат арасында арнайы викториналық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, Пайғамбар өмірінен сыр шертетін сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, үммет бірлігі, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін арнайы дұға жасалды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру