«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ОҚЫРМАНДАР КЛУБЫ АШЫЛДЫ (ФОТО)

10 қазан 2025 910 0
Оқу режимі

Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіповтің бастамасымен елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Әзірет» оқырмандар клубы ашылды.

Клубтың ашылу салтанатына Астана қаласының Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы бастаған елордада имамдары мен ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы және клуб мүшелері қатысты.

Мақсат – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жамағаттың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына үлес қосу. Сондай-ақ, «Бір айда бір кітап» жобасы арқылы екі апта сайын белгілі бір таңдалған туындыларды оқып шығып, оқырмандармен бірге оның мазмұнын талқылау.

Алғашқы отырыста қатысушылар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын талқылап, туындыдағы тәрбие мен отбасылық құндылықтар жөнінде ой бөлісті сондай-ақ кітап оқудың маңыздылығы, уақытты тиімді пайдалану, рухани және зияткерлік дамудың жолдары туралы пікірлер айтылды.

Бас имам Ерболат Жүсіпов клубтың ашылу мақсатымен таныстырып: «Бұл клуб – жамағаттың рухани өмірін байытып, пайдалы әрі мазмұнды орта қалыптастыруды көздейді. Кітап – адамның ойлау қабілетін жетілдіретін ең құнды құрал», – деп атап өтті.

Жиын соңында қатысушыларға «Кітап оқудың 7 пайдасы» атты танымдық парақшалар таратылып, ақсақалдар ізгі тілек пен батасын берді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру