ЕЛОРДА АЗАНШЫЛАРЫНА БІР КҮНДІК ОҚУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ (ФОТО)

10 қазан 2025 1004 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде Діни оқу-ағарту бағыты аясында елорда азаншыларына бір күндік оқу семинары өтті.

Семинардың мақсаты – Астана қаласы мешіттерінде қызмет ететін азаншылардың кәсіби және рухани біліктілігін арттыру, азан айтудың әдептері мен дауысты дұрыс қолдану тәсілдерін үйрету, сондай-ақ азаншының мешіттегі рөлін айқындау.

Бағдарлама аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Абдулахад Сманов пен Махмұд Қасым азан айтудың фиқһтық негіздері, дыбыс қою техникасы, рухани ықылас мәселелері жайында тәжірибелік дәріс өткізді.

Семинар барысында қатысушыларға арнайы дайындалған «Азаншы қандай қасиеттерге ие болуы керек» атты ақпараттық парақшалар таратылды. Онда азаншының рухани тазалығы, мінез-құлқы, дауыс мәдениеті, киім әдебі және мешіттегі қызметке деген жауапкершілігі жөнінде пайдалы кеңестер қамтылған.

Азан – мұсылман қауымын намазға шақырып қана қоймай, жүректерге тыныштық, рухқа күш береді. Әсем дауысымен айтылған азан адамды ізгілікке үндеп, Алланы еске салудың ең көркем түрі болып саналады. Сондықтан азан айту – үлкен құрмет пен шынайы ықыласты қажет ететін қасиетті міндет.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру