Ал сен қандай жақсылық жасадың?

22 желтоқсан 2018 9188 0
Оқу режимі

«Кісіге жақсылық жасап көрдіңдер ме?» – деп сұрады бір кісі жанында отырғандарға қарап. «Жасап жүрген шығармыз»  деген дауыс əр-əр жерден шықты. Бірақ ешкім де нақты сеніммен айтқан жоқ. Шынын айтқанда, тосыннан қойылған сұраққа нақты жауап бере алмай тосырқап қалдық.  Отырғандардың бəрі де іштей кімге қашан не жақсылық жасағанын ойлап кеткені рас. 

Бізден дені дұрыс жауап болмағасын ол кісі: «Жарайды. Жақсылық жасау дегенді қалай түсінеміз? Не ол?» – деп сұрағын нақтылады. «Қиналған адамға көмектесу», – дедім бəрінен бұрын жауап бергеніме мəз болып.

«Көмектесу басқа нəрсе. Екеуін шатастырма! Қиналғанға қол ұшын беру – ол сенің міндетің!» дегенде екілік алған оқушыдай көңілім пəсейіп қалды. Ана кісінің отты жанары өңменімнен өтіп барады.  Құдай-ау, жақсылық жасамақ тұрмақ, оның не екенін де білмейді екенбіз ғой деп ойланғаным сол екен, бүкіл өмірім зая кеткендей көңілім құлазып сала берді. Бəріміз үндемей қалдық.

Əлгі кісі: «Мəселен, мен көзім көрмейтін ғаріп жанмын делік», – деп үнсіздікті бұзды. –  Жол жиегінде өте алмай тұрмын. Не істейсіңдер?».  Біздің өткізіп жібереміз деген жауабымызға ол: «Өткізіп жіберуге міндеттісіңдер. Оны жақсылық жасадық деп ойламаңдар», –  деді.  Сонда жақсылық деген не?

– Жарайды, қиналып кеттіңдер ғой. Сұрақты басқаша қояйыншы. Мамандықтарың не?  
– Дəрігер, – деп қалды арамыздағы біреу.
– Дəрігер, алдыңа ауырып келген адамға не істейсің?
– Емдеймін. 
– Ол сенің міндетің емес пе?
– Иə.
– Емдеу – дəрігерлік міндетің, қиналғанға көмектесу – адамдық борышың. Яғни, ол да міндетің. Сонда жақсылық деген не болды?

Тағы да тосылдық. Үп-үлкен адамдар болсақ та ұсақ-түйек көрінетін сұраққа жауап таба алмай қиналып кеткенімізді көрмейсіз бе? Тіпті, ойлана алмайтын да болып қалғанымыз ба? Осы кезде дəрігер: «Кісіге жылы сөйлеп, көңілін көтеру», – деп еді, ана кісі: «Əкелші қолды», – деді жас балаша мəз болып.

Уһһһ! Сұрақтың жауабы табылды-ау ,əйтеуір! Үстімізден он тонна жүк түскендей бəріміз де бір пəсте жеңілдеп сала бердік.

Ағамыз əңгімесін əрі жалғады: «Кісінің көңілін тауып сөйлеу соншалықты қиын емес. Бірақ соның өзін жасамаймыз ғой біз. Реті келсе бетін қайтарып, екінші рет сөйлемейтіндей етіп тастауға тырысамыз». Сөзінің жаны бар деп ойладым. Өзгелерді былай қойғанда еркелей, мойнымызға асылған балаларымызды да итеріп тастаймыз ғой кейде. Бір ауыз жылы сөзімізді қимай, қанша жақындарымыздың көңілін жараладық екен? Өзімізден басқаны көрмейтін, естімейтін болып барамыз ба қалай?

«Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жылы сөз жан семіртеді» деген қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Ендеше, бір-бірімізге жақсы сөздерімізді арнап жүрейік.

Айдос Имантай

Пікірлер Кіру