БАРАҚ ТӨРЕГЕ

14 мамыр 2024 842 0
Оқу режимі

Бірде Дулат (Бабатайұлы) Барақ төреге келсе, Барақ кекетіп:

-- Жарасқұл-шам, сөйле,– депті.

Сондағы Дукеңнің айтқаны:

 

-- О, Барақ жас, Барақ жас!

Жегенге тоқ, ішсең мас.

Жақсы болса ұлығы,

Өз елін жаудай таламас.

Қасқыр тартып, қан шықса,

Жаман ит жұлып жей берер,

Алды-артына қарамас.

Жақсы иттің белгісі –

Жұлмақ түгіл жаламас.

Азған елдің бектері

Қан шықса, елін жұлмалар

Қасқырменен аралас.

Қазіргі қазақ ұлығы

Жаман иттен несі кем –

Жемтік көрсе, қан көрсе,

Айрылар мүлде есінен.

Сендер атқа мінген соң,

Тандыр болып суалды

Шалқар көлдей несібем.

Әбілпейіз арғы атаң

Алтын тұғыр сұңқар-ды.

Еріктіріп батырын,

Қунатып еді тұлпарды.

Тұсыңда сенің, хан Барақ,

Азулы бейне аң Барақ,

Содырлы, сойқан төлеңгіт

Елге қарай анталап,

Ашынғанды таптады,

Ел етегін қымқарды.

Алтын еді бір кезде,

Ағаш болды тұғырың.

Тыюсыз, тентек төлеңгіт

Шығарды елдің ұрлықпен

Дығыры мен ығырын.

Алалға қарсы хан болдың,

Тентекті сүйеп не құрым.

Азған сені көргенде,

Қайнайды менің зығырым.

Өгізі болдың жегілген,

Арамдыққа егілген

Айдайтұғын шығырың.

Құрық бердің ұрыға,

Момынды алдың қырыңа.

Малсыздарды таптадың,

Малдыларды жақтадың,

Тентекті жасқап қақпадың,

Арамдарды ақтадың,

Өсекшіні мақтадың,

Арамдық болды баққаның,

Орыс болды жаққаның.

Қашан сенің ашылар

Момындарға құрылған

Қанды қара қақпаның?

Қарағысыз ел мен жұрт

Төрелік түскен шағыңа.

Ие болмай айрылдың

Атаңның алтын тағына.

Қара толқын жау толды

Шығыс, батыс жағыңа.

Тұлпардан туған тұқым ең,

Ере алмадың жабыға.

Етегін ашып кім күлмес

Азғындаған шағыңа.

Алдыңа келсе жүгініс,

Қарамай қара, ағына,

Адалды сатып параға,

Болыстың арам жағына.

Рухына нәлет келтірдің,

Қабың менен сабыңа.

Бұзықты құрап, ел етіп,

Қондырдың оң жағыңа.

Ұрыңа елді тонатып,

Бүлдіре бер тағы да!

 

Пікірлер Кіру