КӨРІМДІК

27 қараша 2023 1406 0
Оқу режимі

"Келін келді көріңіз, көрімдігін беріңіз" деп беташарда айтатындай, көрімдік - жаңа түскен келінге, бірінші рет қайыната есігін ашып тәжімге келген күйеу жігітке, сундетке отырған ұлға, құлағы тесіліп сырға салған қызға, жаңа туған нәрестеге алғаш көрген сәтте заттай, ақшалай немесе малмен берілетін сыйлық. Кейде ботаға, бәйге атқа да бұл салтты қолданған екен.

Көрімдік жақындықты, көңіл жетер сыйластықты, өзгенің қуанышын өзінікіндей етене қабылдау белгісі ретінде танылады. Сондықтан болар, жол-жосықты білетін адамдар көрімдікті сұратпай-ақ өз қалауымен ұсынып, абыройын асырып жатады. Тегінде көрімдік - жандыға, ал байғазы - затқа, нәрсеге арналған салттар.

Бұл күнде екеуінің мән-мағынасы бірігіп, жандыға да, жансызға да көрімдік сұрап, көрімдік беру үйреншікті дағдыға айналған. Тұрмысымызға әбден сіңіп қалыптасып қалған әдетті қайтадан өзгерту де оңай емес. Дегенмен әр нәрсенің бастапқы маңызын, түп қазығын білген де жөн болады.

 

Зейнеп Ахметова

 "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру