ӨЗГЕНІ ӨЗІҢНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯ БІЛУ

21 қараша 2022 4314 0
Оқу режимі

Қажылыққа келе жатқан бір топ адамның шөл далада азықтары таусылып қалады. Төңіректе көздеріне ештеңе шалынбайды. Содан екі-үш жігітті айналаны шолып, егер табылса тағам тауып келуге жібереді. Екі-үш жігіт біраз айналып, бір шатырды көздері шалып, соған қарай жүрді. Сәлем беріп ішке кірсе ішінде жасы келген қарт әйел отыр екен. Олар тағам бар болса өздеріне сатып алғысы келетіндіктерін айтады. Қарт әйел: «Менде сатуға арналған тамақ жоқ, бірақ малын бағып қайтатын балаларыма арналған тағам бар еді», – дейді. Ашыққан жігіттер қарт анадан сол тағамды беруін сұрайды.

Кейуана: «Оны қарындары ашып шаршап қайтатын ұлдарыма дайындаған едім. Менде ыстық тастың астына басылған нан бар, соны берейін», – дейді. Олар нанның жартысын беруін сұрағанда кейуана: «Жартысын бере алмаймын. Барлығын алыңдар», – дейді. Олар: «Жартысын беруден бас тартып, барлығын тұтастай беруіңіз қалай?» – деп таң қалады. Ол: «Өйткені жартысын беру адамның қадірін төмендетеді. Ал, барлығын беру – жақсы қасиет», – деп жауап береді. Сөйтіп, оларға тұтас нанды береді, бірақ олардың қайдан келе жатқан адамдар екенін сұрамайды. Тамақ алып қайтқан жігіттер сапарды басқарушыға болған істі баян етеді. Ол қарт ананы алып келулерін талап етеді.

Олар қайта келіп, қарт анаға өздеріндегі үлкен кісінің сый жасағысы келгенін айтып, бірге жүруін өтінеді. Қарт ана: «Құдайым-ау, бұл үлкен құрмет, бірақ менің жасағаным ешқандай сый жасауға тұрарлық жақсылық емес қой. Әшейін, адамдардың бір-біріне көмектесуі емес пе?!» – дейді. Олар өздерімен жүруін өтініп болмаған соң бірге еріп барады. Көшбасшылары әйелдің жай-күйін сұрайды. Ол әйел: «Мен бір кедей әйелмін. Аз тамаққа қанағат етіп, таза бұлақтан су ішемін, жаным қайғыдан таза», дейді. Сапар басшысы: «Егер ұлдарың ашығып келсе, оларға не бересің?» – деп сұрайды. Әйел: «Ей, мырза, бұл істі мүлде қиындатып жібердіңіз-ау. Мен бір кісіге жасаған жақсылығымның қайтарымын одан күтпеймін», дейді.

Басшылары қасындағы жігіттерге қарт ананың ұлдарын жеткізулерін талап етеді. Олар келген соң жағдайын сұрап біледі. Одан кейін жігіттеріне қарт ана мен ұлдарына он мың дирһам беруді бұйырып, құрметпен шығарып салады.

Ғибрат: Өзге елден келген, сапарда жүрген кісілерге көмектесіп, оларға қонақжайлық ету – уәжіп. Қонақ хақын бермей сараңдық жасаған кісі өзіне шапағатты сараңдық еткен болады. Сондықтан қарт әйел жомарттық, қонақжайлылық көрсете тұрып, жасаған қайырымдылығының ақысын пұлдап, ізгі істің сауабын жоғалтқысы келмеді. Керісінше, істеген жақсылығының сыйын тек Алладан күтті.

Алпысбаев Рашид Абдуалиұлы
«Ырыскелді қажы» мешіті наиб имамы 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру