Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады

26 қазан 2018 13112 0
Оқу режимі

Бір атақты мұсылман ғалымының басынан өткен мына оқиға өте әсерлі деп ойлаймын. Оны ғалымның өз аузымен баяндайық.

«Бір жолы жолым түсіп Мысырға бардым. Сапарым аяқталған соң Александриядан шығып Каир арқылы ұшатын болдым. Рейсім таңертең ерте болған соң, Каирдегі аэропорт жанындағы мешіт имамына достарым арқылы телефон соққызып, түн ортасында барып мешітте түнеп, таң намазын оқыған соң ұшаққа мінетінімді айттым. Сондықтан, мешітті құлыптамай, ашық қалдыруын өтіндім.

Түн ортасында мешітке келсем,бір адам михрабта сәждеде жатып, ғаммияша (диалектіде): «Холос иә Роб! Халилни... (Болды жаратушы Ием! Жәрдем етші маған...)», - деп жылап, шынайы дұға жасап жатқанын естіп, тұрып қалдым. Намазын бітірген соң, жанына барып амандасып, қал-жағдайын сұрадым. Ол: «Аллаға қай жағдайда шүкір етемін. Бірақ ертең әйеліме ота жасайды. Он бес мың төрт жүз гиней керек», – деді. Мен оған қолымда берер ешнәрсе болмағанымнан қысылып: «Алла жәрдем етсін», – деп шығарып салдым.

Үтір намазымды оқып, ұйықтап қалдым. Таң намазы уақытында азаншы келіп азан айтты. Намазға тұрғанымда, мешіт имамы мені танып, жолаушымын десем де намазға өтуімді өтінді.

Намаздан соң жамағат келіп амандасып жатыр. Ішінде бір адам: «Шейх, мен Сізді экраннан ғана көруші едім, келгеніңіз қандай жақсы болды. Осы мешіттің үстіңгі қабатындағы үйде тұрамын. Бір өтінішім бар айтатын. Осы қалада үлкен пластик зауытым бар, бір жыл толып зекетімді берейін дегелі бір апта болды. Әйелім: «Отағасы, зекетіңізді ұстап тұрмай, тезірек беріңіз», – деп айтады. Мен оған: «Мен оны ең қиналған жанға берсем, Қияметте Раббым сол арқылы мені қиыншылықтан құтқарса екен...» – деймін. Зекетім он бес мың төрт жүз гиней болды. Кімге бергенім дұрыс болады?» – дегенде, мен жылап жібердім. Жамағат: «Шейх! Сізге не болды?!» – деп таң-тамаша.

Мен: «Алла тілегіңізді қабыл етіпті. Тура осы – 15 400 гиней қаржыға мұқтаж адам орталарыңызда тұр. Әйеліне ота жасатуға бір тиыны жоқ. Ең қиналып тұрған жан осы», – деп әлгі кісіні көрсеттім.

Зекет беруші адам осы үйдің төменгі қабатында тұратын мұқтаж адамды танып, құшақтап алып: «Алла ұлық! Бауырым осы қаржыны әйеліңе ота жасауға жұмса», – деді.

Тосын сыйды алған әлгі адам көзі жасқа толып, құбылаға қарап: «Шүкір етемін Саған! Мен бақыттымын!» – деп тілегенде, жамағат болып бәріміз жыладық. Мен оларға: «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді. Сондай-ақ, өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жұмсайды. Дүниеде істеген игі істері үшін оларды (ақиретте) көзайым етіп, шаттыққа бөлейтін қандай құпия сый-сыяпаттың, нендей тосын нығметтердің сақтаулы (жасырулы) екенін жан баласы білмейді»[1], – деген деген аяттарды оқып, мәнісі осы оқиғадағыдай екенін айтып бердім», – деп сөзін аяқтаған екен.

Расында, атам қазақ «Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп айтқандай, шынайы тілесек, Алланың қазынасы кең екенін ұмытпауымыз керек.

Қуат Қабдолда

 

[1] «Сәжде» сүресі, 16-17-аяттар.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру