АБАЙДЫҢ БІР ШУМАҚ ӨЛЕҢІ

08 қазан 2025 923 0
Оқу режимі

Абай атамыздың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп басталатын өлеңінде мын бір шумақ бар:

...Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Женді ғой деп шайтанға болар көмек...

Түсінік

Бұл өлеңде Абай адам бойындағы екіжүзділік, бақталастық, күншілдік сияқты мінездерді сынай отырып, олардың түпкі себебін имансыздықтан шығарады. Ол жақсылық пен жамандықтың түп иесі — Бір Құдай екенін еске салады.

• «Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек» деген жолдарда адамның дәрежесі де, бағы да Алланың қалауымен берілетінін айтады. Яғни, адамның қолы жеткен жетістігі – Құдайдың сүйіп жаратқанының белгісі.

• «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек» дегенінде, қоғам иманнан айныса, шайтанның ықпалы артып, әділдік жоғаларын меңзейді.

• «Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек» — мұнда адам өз қателігін мойындамай, кінәні шайтанға жабатынын сынайды. Шын мәнінде, адамның құлқынына өзі жауапты, ал иманы бар жан шайтанға ермейді.

Бұл ойлар Абайдың дүниетанымындағы негізгі ұстаным — Бір Құдайға илану екенін көрсетеді. Сол дәуірдегі халықтың да әрбір істі Құдайдың қалауымен байланыстырып, өмірді бір Жаратушыға тәуелді санағанына дәлел болады.

 

Abdulakhad SMANOV

Пікірлер Кіру