ЕЛОРДА ИМАМДАРЫНЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ (ФОТО)
Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда имамдарының алқалы жиыны өтті. Жиын қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды.
Отырыста Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов биылғы «Ислам және адал қоғам» жылына орай жүзеге асырылатын негізгі бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар елорда имамдарына жауапты куратор, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы басымдық берілген төрт бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарды атап өтіп, жауапкершілікпен еңбек етіп, нақты нәтиже көрсетуге шақырды.
Жиын барысында төрт бағытқа жауапты имам-ұстаздар өз салалары бойынша атқарылатын негізгі жоспарларымен таныстырды.
Айта кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарламалық баяндамасында биылғы жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Осыған сәйкес негізгі төрт бағыт бекітілді. Олар: ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, сондай-ақ жат ағымдардан сақтандыру.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!


























