Қасым-Жомарт Тоқаев: Форум ҚМДБ жұмысына тың серпін береді

23 қазан 2019 441 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.

Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов оқып берді.

«Баршаңызды игі дәстүрге айналған Имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия.

Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр.

Осы орайда, имамдарымыз халық арасында рухани-ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы маңызды.

Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін.

Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында.

Айта кетейік, форумға Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысуда.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру