ОТБАСЫНДАҒЫ ҰРЫС-КЕРІСТІҢ АЛДЫН АЛАТЫН ДҰҒАЛАР БАР МА?

12 ақпан 2024 1062 0
Оқу режимі

Сұрақ: Отбасындағы ұрыс-керістің алдын алатын дұғалар бар ма?


Жауап

Отбасының тұтастығын, шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ету үшін әйел мен ер адамға ортақ, бірігіп сақтауы тиіс құндылықтар бар. Бұл құндылықтар тиісті деңгейде сақталғанда ғана құрылған отау берекелі болмақ.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайлардың бір-біріне көңілі толмай, ренжіскен сәттерінде Алладан екеуінің арасындағы сүйіспеншілікті одан әрі арттыруды сұрап, дұға етуге кеңес берген.Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  түнде оянған сәттерінде Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) қолынан ұстап осылайша дұға еткен.Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалары жұбайлары мен өздері үшін дұға ететін болған.

«Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» («Фұрқан» сүресі, 74-аят)

«Роб-бә-нәә һәб-лә-нәә мин әз-уәә-джи-нәә уә зур-ри-иәә-ти-нәә қур-ро-тә әъ-иу-ниу уәдж-ъәл-нәә лил-мут-тә-қии-нәә-и-мәә-мәә».

«Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

«Роб-бидж-ъал-нии му-қиимәс со-лә-тии уәмиңң зур-ри-иәтии раббәнә уә-тәқаббәл ду-ъәә-и»

Сондай-ақ, отбасылық шешімдерді қабылдайтын кезде оның оң нәтиже бергенін қалайсаңыз мына дұғаның көмегі көп.

«Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзінді атаған немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»

«Аллаһуммә, инни ‘абдукә, ибну ‘абдикә, ибнуәмәтикә, нәсыйяти би-йәдикә, мәдынфийәхукмукә, ‘адлун фи-йәқадоукә, әс-әлукә би-куллиисминһууәләкә, сәммәйтәбиһинәфсәкә, әуәнзәлтәһу фи китәбикә, әу ‘алләмтәһуәхәдән мин халқикә, әуистә'сәртәбиһи фи ‘илми-л-ғайби ‘индәкә, әнтәж’алә-л-Қур'әнәраби’ақалби, уәнурасадри, уәжәлә-ә хузнииуәзәһәбәһәмми!» (Ахмад). 

Отбасына келген кез-келген қиындықтан құтылу дұғасы мынадай:

«Я, Алла! Расында, мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сарандық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығы мен адамдардың қыспағынан Өзіңе сиынамын!»

«Аллаһуммә, инни ә’узу бикә минәл һәмми уәл-хәзәни, уәл-’ажзи уәл-кәсәли, уәл- бухли уәл-жубни, уә долә’и-д-дәйни уә ғаләбәтир-рижәл» (Бұхари).

Жарыңыздың қырсық мінезі үшін оқылатын дұға:

Қырсық әйелдің кесірінен Аллаға сыйыну туралы Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларының қатарында мына (дұға) да бар еді: «Я, Алла, ақиқатында, мен Сенен жаман көршіден, оның (кесірінен) шашым уақытысынан бұрын ағарып кететін әйелден, үстімнен би болатын баладан, мен үшін азапқа айналатын дүниеден, көзі мені көретін, ал жүрегі аңдып отыратын, әрі егер ол менен бір жақсы нәрсе көрсе, жасыратын, ал егер менен жаман нәрсе байқаса, жарияға жар салатын достан пана сұраймын» (Табарани).

(Аллаһумма инни а‘узубика мин жәри ссу-и, уа мин зәужин тушайибуни къаблә-л-мәшиб, уа мин уаләдин якуну ‘аләйа раббан, уа мин мәлин якуну ‘аляйа ‘азабан, уа мин халилин мәкирин ‘айнуху тарани уа қалбуһу яр‘ани ин ра-а хасанатан дафанаһа, уа изә ра-а сайиатан аза‘аһа).

 

Пікірлер Кіру