ӘЛ-АЗҺАРДА ҚАЗАҚ ҚАРИЛАРЫНЫҢ ҚҰРАН ИЖАЗАСЫН АЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

15 ақпан 2023 1139 0
Оқу режимі

Мысыр мемлекетіндегі әйгілі әл-Азһар университетінде білім алатын қазақ қариларының саны артуда. Күні кеше қари шәкірттердің Құран Кәрімнен ижаза алу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Діни басқарманың Мысыр Араб Республикасындағы тұрақты өкілі Руслан Серғазиев, сондай-ақ қазақ қариларын ижазаға оқытқан 10 қырағат иесі, әл-Азһар докторы Сами Хамид Рамазан, Уақып министрлігіне қарасты «Осман» мешітінің бас имамы шейх Ахмад Абдурахман қатысты.

«Шетелдердегі  діни оқу орындарында ресми жолдамамен барып білім алып жатқан Қазақстан студенттерін Діни басқармамыз назардан тыс қылдырмай, студенттерімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, жүйелі білім алуға мүмкіндік жасауы нәтижелі болуда. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2022 жылы ижаза орталығын ашу туралы шешімі оң нәтиже беріп, әл-Азһарда оқып жүрген студенттер де фиқһ, хадис, ақида, тәпсір білімдерімен қатар Құран Кәрімді толық жаттап, білікті маман болып елге оралуға ұмтылуда. Былтыр бір студет ижаза алған болса,  биыл олардың  саны алтауға жетіп отыр» деді Руслан Амантұрсынұлы.

Жауапты өкіл қазақ студенттерін ижазаға оқытқан ұстаздарға алғыс білдіріп, қариларды құттықтады. Сондай-ақ әл-Азһар докторы, Нұр-Мүбарак университетінде 3 жыл ұстаздық қылған Мухаммад Амин арнайы қатысып, студенттерге жылы лебізін білдіре келе, қасиетті Құран оқудың, оны жаттаудың сауабы мен маңызы жайында насихат айтты.

Айта кетейік, Орынбай Әсет, Тәңірберген Ердәулет, Райымбек Жанәбіл, Рысхан Дархан, Сабыржан Ибраһим мен Алихан Қарасайұлы Құран Кәрімді толық жаттап, 10 қырағат иесі, доктор Сами Хамид Рамазан және «Осман» мешітінің бас имамы шейх Ахмад Абдурахманнан ижаза алды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру