АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫНЫҢ ЖОСПАРЛЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ (ФОТО)
Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұстаздарға арналған кезекті жоспарлы жиыны өтті.
Басқосуды «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет жүргізді. Жиынға қала мешіттерінде қызмет етіп жүрген әйел ұстаздар қатысып, жыл басындағы жоспарға сай жұмыстар пысықталды.
Сондай-ақ, алдағы уақытта жүзеге асатын бағыттар талқыланды. Оның ішінде Құран үйірмелерін дамыту, шәкірттерге арналған семинар-тренингтер өткізу, қайырымдылық шараларын жалғастыру және қыз-келіншектерге арналған рухани-танымдық бағдарламаларды жүйелі түрде ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, әйел ұстаздар үшін кәсіби біліктілікті арттыру курстарын өткізу, жаңа әдістемелік құралдарды дайындау және ҚМДБ-ның ресми ақпараттық-ағартушылық жобаларына белсене қатысу жоспарланды.
Жиын соңында қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Әйел-қыздар секторының жұмысын жандандыру, бір-бірімен тәжірибе алмасу, жаңа жобаларды іске асыру жайында кеңінен сөз болды.




Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі