«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ ҰЖЫМЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫСТЫ (ФОТО)

01 қыркүйек 2025 1156 0
Оқу режимі

Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіповтің бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мешітінің дін қызметкерлері табиғат аясында бас қосып, «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша ұйымдастырылған ұлттық ойындар сайысына қатысты.

Басқосуда имамдар көкпар тартып, асық атып, садақ атудан сынға түсті. Ұлттық спорт түрлерін жаңғыртуды көздеген жарыс тартысты өтті. Жеңімпаздарға ақшалай жүлделер табыс етіліп, қатысушылар да сый-сияпаттан құр қалмады.

Шара соңында жайылған дастархан басында дін қызметкерлері әңгіме өрбітіп, ой-пікір алмасты. Бұл кездесудің мақсаты – ұжымның ауызбіршілігін нығайтып қана қоймай, халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын дәріптеу болды.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында «Дін мен дәстүр» бөлімі жұмыс істейді. Оның міндеті – ата-бабадан қалған асыл дәстүрді Ислам құндылықтарымен сабақтастырып, қоғамға өнегелі ой салу. Осы бағытта түрлі игі бастамалар қолға алынып, салт-сананы сақтауға ықпал етіп келеді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру