Бас мешіт қызметкерлері Қарттар үйінде мерекелік шара өткізді (ФОТО+ВИДЕО)

07 қазан 2019 698 0
Оқу режимі

Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде орналасқан Малотимофеевка ауылындағы Қарттар үйінің республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлерінің үнемі ат басын тірейтін айтулы орынға айналғалы қашан. Бүгін де Бас мешіт қызметкерлері алыстағы Қарттар үйін арнайы зиярат етіп, Қарттар күнінің құрметіне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш ұйымдастырып қайтты.

Қарттар күні мерекесімен құттықтай келген мешіт қызметкерлері бұл жолы да қарияларға құр қол келмеді. Орталықтағы 151 жанға арнайы күртешелер мен басқа да киім-кешек түрлері, қораптағы құрма жемістері түрлі рухани кітаптар тарту етілді. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Руслан Сұлтанов пен ұстаз Дінмұхаммед Сманов қарияларға ізгі тілектерін арнап, мейірімге толы насихат айтты. Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, өткен мерекелерімен құттықтады. 

Қамкөңіл қарияларға қуаныш сыйлап, мейірім шуағын төккен тағылымды кеш аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауатын курсында тәлім алып жүрген Қазақ Ұлттық Өнер университетінің шәкірттері қарияларға ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй туғызды. Әсем ән толқынында қарт әжелеріміз жастық шақтарын еске алып, би алаңында бір жасап қалды. Мейірім шуағын шашып, мерекелік көңіл күй сыйлаған мешіт қызметкерлеріне Қарттар үйінің басшылығы да өз алғыстарын білдірді.

Мерекелік кеш соңы Орталықтағы асханада «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттерінен құралған «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйытқы болуымен жайылған мерекелік дастарханға жалғасты. Дастархан басында қасиетті Құран аяттары оқылып, қарияларымыз үшін дұға жасалды.

Келген сайын мейірім мен құрметке толы сезімдерін сыйлап, қал-жағдайларын сұрап, бәйек болатын мешіт қызметкерлерімен қариялар бұл жолы да қимай-қимай қоштасты.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру