Бас мешітте Құрбан айт мерекесі басталды (ФОТО+ВИДЕО)

11 тамыз 2019 6027 0
Оқу режимі

Бүгін еліміз бойынша жер-жерде Құрбан айт намазы оқылып, исі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі бастау алды. Енді үш күн бойы күллі жер бетін мейірімге орап, қайырымдылықпен қауыштыратын қасиетті мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасатын болмақ.

Елең-алаңмен ерте тұрып, құлшылық ордаларына қарай ағылған елордалық жамағат таңғы 7-де иін тіресе сап түзеп, айт намазын оқумен бастады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір өсиетінде: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу...», – деп атап көрсеткендей, қасиетті мереке құлшылықпен басталып, Бір Аллаға сыйынған мыңдаған жамағаттың тәкбірі мен дұғасына жалғасты.

Көлемі жөнінен Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің өзі бұл күні жамағат үшін бұйым болмады. Мешіт сыртына арнайы жайылған кілем үстінде күн шықпастан жайғасқан жамағаттың қаз-қатар бүгілген тізелер мен жайылған алақандары – жүректер бірлігі мен халық ынтымағының ыстық көрінісі болды. Айт намазынан соң мешіт ауласында басталған ұлттық ойындар сайысы мен «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де мешіттегі мерекенің мәнін арттырып, сәнін кіргізе түсті. Қауышқан құшақтар мен бір-бірін құттықтап, қауқылдасқан қуанышты жандарға толған құлшылық ордасындағы қасиетті мереке республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде осылай басталды.

Айт намазы алдында мешіт мінберіне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз шығып, жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Қасиетті мерекенің тарихын баяндап, тағылымын түсіндірген Бас мүфти уағызы жамағат үшін жанға азық болды. Раббысына бойұсынған күйде сап түзеп, қатар құраған жамағатқа Бас мүфти айт құтпасын айтып, ұлық намазды өткізді. Айт мерекесіндегі алғашқы амалды өтеп болған мыңдаған жамағаттың тәкбіріне ұласып, дұғасымен нәрленді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру