Бас мүфти Бас мешітте бір топ делегацияны қабылдады (ФОТО)

12 қазан 2018 5416 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VI съезі аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ислам және қайырымдылық істері жөніндегі департаментінің біртоп делегациясын қабылдады.

Аталған департаменттің Қайырымдылық істер бойынша атқарушы директоры Ахмад әл-Мухейри бастаған делегация өкілдері Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен Қазақстандағы Исламның дамуы туралы сұхбаттасты.

Ахмад әл-Мухейри департаменттің қайырымдылық бағытындағы жұмыстарымен таныстырып, игі жобалар жайлы баяндап берді. Тараптар садақа берудің жаңа технологиялық тәсілі жайлы пікір алысты.

Өз кезегінде Серікбай қажы Сатыбалдыұлы еліміздегі облыстық мешіттерде садақа терминалдарының орнатылғанын атап өтті.

«Бұл – мүфтияттың қаржылық ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, жамағаттың садақа беру мәдениетіне оң әсер етеді деп есептеймін. Бұл бағыттағы жобаларымызды қалалық, аудандық мешіттерде жүзеге асыратын боламыз», – деді Бас мүфти С.Ораз.

Кездесу соңында тараптар қайырымдылық, садақа беру терминалдарын орнату, т.б. сала бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру