Бас мүфти ҚМДБ қызметкерлерімен онлайн режимде жиналыс өткізді (ФОТО)

30 маусым 2020 3359 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық аппарат қызметкерлерімен онлайн режимде жиналыс өткізді. Жиналысқа наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен мамандары қатысты.

Онлайн мәжілісте негізінен жеті мәселе қаралды. Оның алғашқысы қазіргі індеттің өршуіне байланысты жұмыс ережесіне өзгерту енгізу, пандемия талаптарын қатаң сақтау қажеттігі баса айтылды.

«Қазіргі уақыттың талабы біреу-ақ. Ол тазалық пен ара қашықтықты сақтау. Неғұрлым көпшілік орындарға бармау. Ғимаратты барынша таза ұстап, дезинфекциялық жұмыстарды уақытында жүргізу. Мүмкіндігінше жұмысты қашықтан істеу. Бұл індетке салғырт қарамауымыз керек. Салғырттықтың соңы өкінішке ұласып жатыр. Сондықтан ел азаматтарын айтылған тәртіпті қатаң ұстанып жүруге шақырамын», - деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар тазалықтан бөлек қазіргі жағдайды ескере отырып онлайн садақа беру тетігін қадағалауды тапсырды. Одан бөлек онлайн жиында Діни бөлім беру және кадр даярлау бөлімінің есебі тыңдалды. Бөлім меңгерушісі Смайыл Сейтбеков биыл 9 медреседен 530 баланың түлеп ұшқанын жеткізді. Сондай-ақ шәкірттердің тең жартысынан астамы өңірлерде имамдық және ұстаздық қызметін бастауға дайын екенін айтты. Ал Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне құжат қабылдау 8 шілдеге қарай басталады деді Смайыл Сүйерқұлұлы. Өз кезегінде Бас мүфти аймақтардағы діни ахуалды бақылап, білім деңгейін көтеруді тапсырды.

Наурызбай қажы Тағанұлы осы жиында онлайн дәрістерді қайта жандандырып, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарды көбейтуді шегелеп айтты. Одан бөлек Құрбан Айт кезінде атқарылатын шараларды да бір пысықтап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру