Бас мүфти құрбан шалу рәсіміне қатысты (ФОТО)

11 тамыз 2019 404 0
Оқу режимі

Мешіттерде айт намазы оқылып болысымен мұсылман қауымының білек сыбана кірісер келесі амалы – Алла разылығы үшін құрбандық шалу болып табылады. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, бұл күндері мұсылман баласы құрбан шалудан басқа сүйікті іспен Алла Тағалаға жақындай алмақ емес. Раббысының разылығын іздеген әрбір мүмін бұл күндері шамасы жеткенше құрбандық шалып, жан-жағындағы жоқ-жітікке қарайласуға асығады.

Елорда маңындағы «Алтын таға» мал базары бүгін осындай ниет жетегіндегі жамағатқа лық толды десе де болғандай. Сондай-ақ, бұл базарда Елорда мешіттерінің ұйымдастырған «Раббың үшін құрбан шал!» акция аясында жиылған малдар құрбандыққа шалынып, базар басында арнайы шара өткізілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан құрбан шалу рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзі келіп қатысты. Бас мүфти құрбан шалынатын орындағы жай-күймен танысып, «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы қамтитын қайырымдылық шарасының ауқымынан да хабардар болды.

Құрбан шалу рәсіміне қатысып, базардағы жалпы ахуалмен танысып болғаннан кейін Бас мүфти акцияға қатысушыларға арналған мерекелік дастарханнан дәм ауыз тиіп, жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Берекелі басқосу соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға жасалды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру