Елордада тұңғыш рет қайырымдылық мекемесі ашылды (ФОТО)

11 қыркүйек 2019 5168 0
Оқу режимі

Қуанышты оқиғалар қатарынан орын алған кешегі күн Елорда тарихында ерекше сақталып қалмақ. Өйткені, дәл осы күні Нұр-Сұлтан қаласында үш бірдей рухани нысан пайдалануға беріліп, Бас шаһардың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосылды. Естеріңізге сала кетейік, ашылғанына 13 жылдың жүзі болған «Астана» медресе-колледжі кеше жаңа ғимаратқа көшіп, қуанышты қоныс тойын жамағатпен бірге атап өткен болатын. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан өкілдігінің бастамасымен биылғы жылы медресенің Қыздар бөлімі ашылып, «Әлжан ана» мешіті жанындағы жеке ғимаратта жаңа оқу жылын бастап кетті.

Игі оқиғалар легін қаламыздың Оңтүстік-шығыс ауданында орналасқан «Сүлеймен» қайырымдылық мекемесінің ашылу салтанаты жалғастырып, қуаныш үстіне қуаныш қоса түсті. Демеуші азаматтардың қолдауы арқасында іске қосылған қайырымдылық мекемесі Елорда қаласындағы студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп, имандылыққа ұйытқан рухани ордаға айналатын болмақ. Қазіргі уақытта қайырымдылық мекемесінде арнайы тізім бойынша іріктелген 20 студент жайғастырылған. Студенттердің барлығы дерлік ЖОО-ның жатақханасынан орын тимеген көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан.

Қайырымдылық мекемесінің ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған дін қызметкерлері мен Елорда қаласының жамағаты қатысып, игі шараның куәсі болды. Жатақхана бөлмелерін аралап, шәкірттермен жүздескен Бас мүфти ақ батасын арнап, студент жастарға білім жолындағы ізденістері жемісті болуын тіледі.

Шара соңында қуанышты оқиғаға орай мерекелік дастархан жайылды. Ақ тілектер ағытылып, бата-дұғамен әсерлене түскен отырыс барысында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз осы шараға атсалысқан барша демеуші жандарға, қайырымдылық мекемесінің ашылуына ұйытқы болған Нұр-Сұлтан өкілдігі қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

 

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру