Елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне бас имам тағайындалды (ФОТО)

04 желтоқсан 2020 6075 0
Оқу режимі

Бүгін ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне бас имам тағайындалды. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы  болып ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы Хамзат Әділбеков тағайындалды. Бұл туралы мешіт ұжымына арнайы жиналыс өткізу барысында Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлім етті.

Бас мүфтидің бұйрығын оқып берген Ерболат Жүсіпов Хамзат имамды жаңа қызметімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Жаңа жауапты қызметке ауысып бара жатқан Бауыржан Есмаханға жамағаттың атынан рахмет айтып, алғыс білдірді.

Ал, бұған дейінгі бас имам қызметін атқарған  Бауыржан Есмахан Алматы қаласындағы «Арафат» мешітінің бас имамы, мешіт жанындағы «Арафат» қайырымдылық мекемесінің директоры қызметіне ауысты.

Хамзат Әділбеков 1984 жылы 27-қаңтарда СҚО, Айыртау ауданы, Шолақ-Өзек ауылында дүниеге келген. 2001 жылы СҚО, Айыртау ауданы, Карасевка ауылындағы орта мектепті тәмамдаған.

2001 – 2004 жылдары  Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде  «Исламтанушы және имам хатиб» мамандығы бойынша білім алған.

2004 – 2008 жылдары Ливия мемлекетінің Триполи қаласында орналасқан «Исламға Шақыру» Университетін «Араб тілі және исламтанушы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2008-2009 жылдары Ливия  мемлекетінің Триполи қаласында орналасқан «Исламға Шақыру» Университетінің магистратурасының дайындық кезеңін оқып бітірген.

2015-2017 жылдары Шымкент қаласында орналасқан Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университетінде педогогика мамандығы бойынша магистратура аяқтаған.

2009-2011жылдары Қазақстан Республикасының Либиядағы Дипмиссиясында кезекші комендент-аудармашы қызметін атқарды.

2012 жылдың қаңтар айынан бастап СҚО, Петропавл қаласындағы «Қызылжар» орталық мешітінде ұстаздық және www.sko-kmdb.kz мешіт сайтының администраторы қызметін атқарды.

2017 жылдың  қараша айында ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің маманы қызметіне тағайындалған.

Үйленген, үш баласы бар.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру