Министр: «Мұнара» жақсылықтың жаршысына айналсын!

02 қараша 2019 151 0
Оқу режимі

 Адамзатты ізгілік пен бірлікке бастаушы – өнегелі сөз болса, оны халық назарына жеткізуші – газет. Жазушы Шерхан Мұртазаның: «Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет қажет», – деген сөзі бар.  

Жастарымызды отансүйгіштікке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейтін бірден-бір ұтымды құрал да газет. Расында, кейбір өскелең ұрпақтың Ислам діні туралы дұрыс емес ақпаратпен сусындауы олардың теріс діни ағымдардың арбауында кетуіне негізгі себеп болуда.

Сондықтан рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы жұмысты бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет. Осы жұмысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шығып жатқан «Мұнара» газеті сүбелі үлес қосады деген сенімдемін. Бұл газет діни, рухани саладағы жетекші басылымдардың бірі болуы тиіс.

Газетте салт-дәстүр мен тарихи танымдық мақалаларға орын берілетіні қуантады. Біздің дәстүріміз бен тарихымыз тұңғиық тәрбие бұлағы. Осы бұлақтан сусындап, тарихтан тәлім алған жастар ата дінін, сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтасып келе жатқан салт-дәстүрін ардақтап, ерекше құрметтейтін болады.

Діннің құлшылықпен ғана шектелмейтіндігін, оның өзегі адамгершілік пен мейірімділікте, бірлік пен ізгілікте, ғылым мен мәдениетте, өркениет пен көркем мінезде екендігін қалың бұқараға, әсіресе жастарға, көбірек түсіндіруіміз керек. Жаңадан ашылған «Мұнара» газеті осы бағытта қызмет етеді деп ойлаймын.

Ізгі істеріңізге – сәттілік, басылым ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. «Мұнара» жақсылықтың жаршысына айналсын!

Құрметпен,Дәурен АБАЕВ,
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру