МЫСЫРДА «ӘЗ-ЗАҺИР БЕЙБАРЫС» МЕШІТІ АШЫЛДЫ (ФОТО)

04 маусым 2023 3196 0
Оқу режимі

Бүгін Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында «әз-Заһир Бейбарыс» мешітінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан мен Мысыр мемлекеті үшін тарихи іс-шараға осы елдің Уақып министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Көне мұралар бойынша Жоғарғы кеңесінің бас хатшысы Мұстафа Уазири, Мысыр мүфтиі, доктор Шауқи Ибраһим Аллам, әл-Азһар шейхы Ахмет Тайып және ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, сөз сөйледі.

«Каир шаһары – Ислам мәдениеті мен өркениетінің орталығына айналған қала. Міне, осындай мәшһүр қалада Бейбарыс бабамыздың мешіті ел игілігіне беріліп отыр. 

Бұл мешіттің тарихы тереңде жатыр. Мешітті сонау 1266 жылы Бейбарыс сұлтанның өзі салдырған болатын. Мәмлүк сәулет өнері үлгісінде бой көтерген «әз-Заһир Бейбарыс» мешіті кейінгі аумалы-төкпелі дәуірлерде қиын жағдайды бастан кешті. Мұнарасы құлатылып, әскери казармаға, кейін наубайханаға айналған кезі де болды. 

Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Мысырмен арада дипломатиялық байланыс орнады. 1993 жылғы сәуірде Қазақстанның Мысырдағы елшілігі ашылып, Қазақстан және Мысыр Үкіметтері арасында ортақ келісімдер қабылданды. Осылайша екі елге ортақ тарихи мұра «әз-Заһир Бейбарыс мешітінің» жөндеу жұмыстары қолға алынды. Міне, енді жөндеу аяқталып, құлшылық үйі жамағатқа есігін ашқалы отыр. Бұл да болса екі ел арасындағы берік байланыстың нәтижесі деп білеміз» деді Бас мүфти. 

Сондай-ақ салтанатты рәсімде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы тарихи мешітте жиырма жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Доктор Хишам Камилдің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мешіттің азаншысының иығына шапан жапты.

Айта кетейік, тарихи мешіт қайтадан толықтай жөндеуден өтті. Бүгінде Каир қаласының ең үлкен мешіттерінің бірі саналады. Мешітке келуші жамағатқа тарихи нысанның ескі суреттері ұсынылды.

 

 

Басты сурет inform.kz сайтынан алынды

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру