Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау өңірі имамдарымен жүздесті (ФОТО)

15 қазан 2020 2555 0
Оқу режимі

Атырау облысындағы жұмыс сапары аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңір имамдармен арнайы кездесу өткізді. Жиынға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов қатысты.

Орталық «Иманғали» мешітіндегі кездесуде ҚМДБ Төрағасы алдымен індет кезінде тоқтаусыз жұмыс істеп, қайырымдылық шараларын молынан атқарғаны үшін имамдарға алғыс айтты. Бас мүфти имамдардың қазіргі қоғам сұранысына сай болуы керектігін алға тартты.

«Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің ХХVI мәжілісінде «Зияткер имам тұжырымдамасы» атты құжат қабылданды. Зияткер имамға діни рәсімдерді атқарумен қатар, мағыналы уағыз айту, діни білім беру, Діни басқарма дайындаған «Жеті рухани қазық» құжатындағы құндылықтарды насихаттау жүктеледі. Мұндағы мақсат – мешіттерді құлшылық орнымен қатар діни-рухани орталыққа айналдыру. Әрбір мешітте талапқа сай келетін зияткер имам болуы керек. Осы мәртебеге сай болу –бүгінгі күннің талабы», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесуде Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өңірдегі діни ахуал туралы баяндай келіп, аймақтағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар жиында ҚМДБ-ның негізгі төрт бағыты бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру