Қала бас имамы көше тазалықшыларына құрмет көрсетті
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында және Құрбан айт мерекесіне орай Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы көше тазалығын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарына азық-түлік себеттерін табыстап, мерекемен құттықтады.
Іс-шара барысында бас имам тазалық қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың күнделікті адал еңбегі қала тұрғындарының жайлы әрі таза ортада өмір сүруіне үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Құрбан айттың мейірім мен жанашырлыққа үндейтін ұлық мереке екенін айтып, еңбек адамдарына шынайы ризашылығын білдірді.
«Қоғамның тыныс-тіршілігінде әр мамандықтың өз орны бар. Әсіресе таңның атысынан кештің батысына дейін қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Құрбан айт мерекесі қарсаңында сіздерге алғысымызды білдіріп, мерекелік көңіл күй сыйлауды жөн көрдік», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Қайырымдылық шарасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының Астана қаласы бойынша жауапты маманы Нұрбол Оразбай ұйытқы болып, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысты.
Іс-шара соңында Нұрбек қажы Әуесханұлы еңбек адамдарына ақ батасын беріп, отбасыларына амандық, еңбектеріне береке, дендеріне саулық тіледі. Сондай-ақ еліміздің тыныштығы мен халқымыздың бірлігі үшін дұға жасады.










Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі