Қажылық сапарына қатысты баспасөз брифингі өтті (ФОТО)

18 шілде 2019 4770 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникация қызметінде қажылық маусымына орай баспасөз брифингі болып өтті. Баспасөз мәжілісіне ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев қатысып, қажылық сапарына еліміздегі дайындық жайы, қажылар саны мен көрсетілер қызметтің сапасы, қауіпсіздік мәселелері секілді іргелі тақырыптар бойынша тілшілер қауымына толықтай мағлұмат берді.

Брифинг барысында белгілі болғандай, биылғы жылы еліміз бойынша 3 200 жан қажылық парызын өтейтін болмақ. Қазіргі уақытта олардың барлығы қажетті рәсімдеуден өтіп, медициналық екпеден ектіріп, ұлық сапарға сақадай-сай көрінеді. Ал, жерлестеріміздің қасиетті мекендегі сапарларын ҚМДБ Қажылық миссия тобы қадағалайтын болмақ. Топ құрамындағы арнайы уағызшы имамдар тобы әр рәсімнің тарихы мен тағылымын түсіндіріп, сапардың сауапты өтуіне септігін тигізетін болмақ. Сондай-ақ, миссия құрамына жоғары санатты дәрігерлер мен қажылық маусымы кезінде қасиетті мекеннен арнайы хабар таратып отыратын тілшілер де тіркелген.  

Отандық «SCAT» және шетелдік «FLYNAS» компаниялары арқылы еліміздің төрт қаласынан тікелей рейспен ұшатын отандастарымыздың алды 30-шілде күні аттанып, елге 23-тамыз күні оралатын болмақ.

Қажылық сапарына қатысты жоғарыда айтылған мәліметтер бөлек, ұлық ғибадаттың хикметі мен қыр-сыры, талаптары жайлы да кеңінен ақпарат айтылып, шариғи шешімдері көрсетілді. Кездесу соңында тілшілер қауымы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптармен жалғасты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру