ҚМДБ «Талаба» қауымдастығы Түркиядағы шәкірттер арасында байқау жариялады

26 наурыз 2020 4842 0
Оқу режимі

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, данышпан ақынның мол мұрасы кеңінен насихатталу үстінде. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұл игі дәстүр өңірдегі өкілдіктер арасында да қолдау тауып, қазіргі таңда түрлі байқаулар мен сайыстар өткізіліп келеді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Түркия еліндегі «Талаба» қауымдастығы да игі бастамаға өзіндік үн қосып, «Абай және бүгінгі заман» атты шығармашылық байқау жариялап отыр. Түрік елінде әртүрлі мамандық бойынша білім алып жатқан Қазақстан азаматтарының арасында ұйымдастырылып отырған шығармашылық сайыс Абай мұрасын дәріптеп, шетелдегі қандастарымызға қазақ халқының руханиятын танытуға бағытталған.

Сайыс шарты бойынша Түркия мемлекетінде әртүрлі мамандық бойынша оқып жатқан лицей, медресе, университет (дайындық курсы, бакалавр, магистр және докторлық), академия және т.б. оқу орындарының шәкірттері «Абай және бүгінгі заман» тақырыбындағы мақалалары сынға түспек. Сондай-ақ, қатысушылардың Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа және мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түсуге мүмкіндігі бар. Екі аталым бойынша да жеке жүлделер тігілген. 

Күллі әлем халқын дүрбелеңге салған індетке қарсы күрес шараларының күшейтілуіне орай шығармашылық байқаудың қабылдау мерзімі 10-сәуірге дейін ұзартылған. Сайыстың толық шарттарын Фейсбук желісіндегі «ҚМДБ Талаба қауымдастығы» парақшасынан білуге болады.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру