ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ АЛИ ЕРБАШПЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

17 ақпан 2023 2280 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Анкара қаласында Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, профессор Али Ербашпен кездесті. Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары атынан Түркияда болған жойқын жер сілкінісіне орай Түркия елінің дінбасына көңіл айтты.

«Түркия топырағында болған апатты жағдайды барша Қазақ елі, Қазақстан мұсылмандары қабырғасы қайысып қабылдады. Табиғи апаттан қаншама бауырларымыз қаза тапты. Алла Тағаладан Түркия халқына көркем сабыр тілеймін! Өткен жұма намазында еліміздің барлық мешіттерінде Түркиядағы зілзала салдарынан қайтыс болған жандарға дұға жасалды. Осындай ауыр сәтте қазақ халқы бауырлас түрік халқына өз көмегін көрсетуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Зекет және қайырымдылық" қорының ұйымдастыруымен Түркиядағы апат болған аймақтарға Қазақстан тұрғындарынан жиналған 100 130 000 (жүз миллион бір жүз отыз мың) теңге қаржының Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігіне берілді» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия бас мүфтиі Али Ербашқа көңіл айту арқылы Түркия тұрғындарына Қазақстан мұсылмандарының қолдау ниеттерін жеткізді.

Түркия бас мүфтиі Али Ербаш өз кезегінде қазақ халқына деген ілтипатын білдіріп, осындай қиын сәтте ынтымақтастық танытып, қолдау көрсеткен барша қазақ бауырларға алғыс айтты. «Біздің қайғымызды бөлісіп, арнайы келіп отырғаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Түркияның 10 қаласында болған зілзала ғасыр апаты болды. Осындай қиыншылықтардан екі ел арасындағы достық байланыстар және қолдаулар арқылы шығатындығымызға сенемін» деді Али Ербаш.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру