«Зекет» қоры 34 900 отбасына 283 тонна құрбандық етін үлестірді (ФОТО)

16 тамыз 2019 4240 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қоры Құрбан айт мерекесінде 283 тонна құрбандық етін үлестірді. Бұл қайырымдылық акциясы барлық өңірлерде жүзеге асты. Аталған көмек аз қамтылған және мұқтаж, көп балалы жанұяларға, қарттар мен мүгедектерге көрсетілді.

Тек Алматы қаласы бойынша 2,5 тоннаға жуық ет таратылды. «Зекет» қорының бас кеңсесі 300 отбасыға 10 қой және 11 сиырдың етін сыйға берді. Құрбандық шалу және тарату рәсімі «Сұлтан» базарының халал қасапханасында ұйымдастырылды. Келушілерге үлкен дастархан жайылып, қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне ас берілді. Нұр-Сұлтан қаласында 200 отбасына 1 тонна мөлшерінде ет берілді.

Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша «Зекет» қоры арқылы 6 түйе, 743 ірі қара және 8 538 қой құрбандыққа шалынып, 283 тоннаға жуық ет таратылды. 34 900 отбасыға сыйланған ет құны – 424 миллион теңге. Бұл іс-шара аясында 55 әлеуметтік мекемелерге комек көрсетілді, олардың ішінде: соқырлар қоғамдары, мүмкіндігі шектеулі және мүгедектер үйлері, қарттар үйлері, мектептер және медреселер.

Айта кетсек, «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге!» атты жобасы аясында ел азаматтары да Құрбан айт мерекесінде сыйлықсыз қалмады. Қасиетті мейрамда ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша «Зекет» қоры 116-шы және 117-ші баспананы табыс етті. Бұл жолғы баспаналар Қабанбай ауылындағы жеті баланың анасына және Көшкентал ауылындағы үш қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты мүгедек анаға бұйырды.

Дереккөз: «Зекет» қорының баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру