Жамбыл облысына жаңа өкіл имам тағайындалды (ФОТО)

16 ақпан 2019 7190 0
Оқу режимі

Дін саласы – аса нәзік, ұқыптылықты қажет ететін, руханияттың өзегі болған маңызды бағыт. Осы орайда, дін мамандарының жан-жақты, білікті болуы басты талап. Еліміздегі діни ахуалды реттеп отыру үшін де имамдар, ұстаздар түрлі өңірлерде қызмет жасап, діннің сан саласында еңбек етуі шарт.

Осы мақсатта, Қазақстан мұсылмандары діни бақармасының Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы, медресе директоры Данияр қажы Жұмабаевтың Алматы қаласы Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітіне ауысқаны жайлы алдыңғы жаңалықтарда хабарлаған болатынбыз. Данияр қажы Әлимұхамедұлы Жамбыл облысында 8 жылға жуық уақыт белсенді қызмет жасап, өз еңбегін сіңірді

Ал бүгінде Жамбыл облысының рухани жүрегі «Һибатулла Тарази» мешітіне және ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы қызметіне Қанат Жұмағұлов тағайындалды. Облысқа діни көшбасшыны тағайындауға ҚМДБ-ның Бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти Өтпенов Наурызбай Тағанұлы арнайы келді. Сонымен қатар, бұл айтулы іс-шараға Жамбыл облысы Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров қатысты. Наурызбай Тағанұлы жамағатты Бас мүфтидің бұйрығымен таныстырып, Қанат Жұмағұловты жаңа қызметімен құттықтады. Жұма намазына жиналған көпшілік алдында Жангелді Омаров сөз сөйлеп, имамдарға сәттілік тілесті. Күндердің сұлтаны күні оқылатын жұма намазын наиб мүфти Наурызбай қажының өзі жүргізіп, дұға жасады.

Ал осы облыста өкіл имам қызметін атқарып келген Данияр Жұмабаевқа Бас мүфтидің атынан алғыс хат, Жамбыл облысы әкімінің атынан марапат қағазы табысталды. Данияр қажы Жұмабаев жамағатқа сүбелі сөз сөйлеп, ауызбіршілік, ынтымақ туралы насихат айтты. Сондай-ақ, жамағат атынан Данияр қариға қазақтың дәстүрлі шапаны жабылды.

Өкілдік қызметіне келген имамға ұжымы жемісті әрі нәтижелі жұмыс, ырыс-береке тілейді.

Жұмағұл Қанат Әділханұлы

1982 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген.

Білімі мен біліктілігі:

1989 жылы Аса ауылындағы «30 жылдық» орта мектебіне бірінші сыныпқа барып, 1999 жылы Тараз қалалық №27 орта мектепті тәмәмдаған.

1999-2003 жылдары Халықаралық Қазақ-Араб университеті, «Дінтану және араб тілі» факультеті, «Дінтанушы және араб тілі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған.

2003-2006 жылдары Түркия Республикасы, Дін істері басқармасы, «Хасеки» имамдар институтында оқыған.

2015-2017 жылдары Алматы қаласы, «Шет тілдері және іскерлік карьера» университеті, «Дінтану» магистрінде білім алған.

Еңбек жолы:

2006-2007 жылдары Отырар университеті, тарих-философия факультетінде, 2007-2013 жылдары ҚМДБ-ға қарасты «Астана» медресесінде оқытушы қызметін,

2011-2013 жылдары Астана қаласы, «Нұр Астана» орталық мешітінде, Атырау қаласы, «әт-Тақуа» мешітінде наиб имам қызметтерін атқарған.

2013-2014 жылдары «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорында теолог-дінтанушы,

2014-2017 жылдары Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры болған.

2017 жылдың ақпан айынан бастап Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген.

Отбасы бар. Екі ұл, екі қыздың әкесі.

Дереккөз: Ақерке БЕКҚҰЛОВА, «Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру