Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) науқастарды емдеген бе?

16 ақпан 2021 6612 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) емшілік қабілеті болған ба? Науқастарды емдеген бе?


Жауап

Алла елшісі (с.ғ.с.) нұры кеткен, адасқан жүректерді емдеуші көңілдерге жұбаныш, қайғы мұңдағыларға үміт сыйлайтын рухани дәрігер десек болады, өйткені Алла елшісі (с.ғ.с.) адамдардың жандүниесін байытып, екі дүниенің бақытын сыйға тартып, дін Исламды таратушы. Адамдарға имандылықты үйретті, ақиретіне пайдалы ізгі амалдарды, Аллаһтың алдындағы құлдардың міндеттерін түсіндірді. Алайда бұл мақсатымен қоса жанындағы кейбір адамдарды науқасынан емдеп жазды.

Ибн Аббас былай дейді: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ақыл-есі кем бір баланы алып келеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) мүбәрак қолын оның көкірегіне қойды. Артынша бала құсты, аузынан қияр көлеміндей қара нәрсе шықты да6 бала науқасынан айығып кетті»[1]

Тағы бір риуаятта Мұхаммед ибн Хатип есімді бала ыдыстағы қайнаған су төгіліп, қолын түгелімен күйдіріп алыпты. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) оның қолын сипап, түкірігін сүрткен екен, көп уақыт өтпей баланың қолы жазылып кетеді[2].

Хайбар соғысының алдында Әлидің (р.а.) көзі ауырып жатып қалған болатын. Пайғамбарымыз оны дереу шақыртып алып мүбәрак түкірігін алып, хазіреті Алидің (р.а.) көздерін сүртті. Хазіреті Али (р.а.) ант ете отырып: «Одан кейін көзім еш ауырған емес», – деп қуанады. Осы секілді тағы бір риуаятта ер жеткен мылқау бала Алла елшісінің (с.ғ.с.) жанына келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан: «Мен кіммін?» – деп сұрайды. Сонда сөйлей алмайтын бала: «Сен Алланың елшісісің», – деп сөйлеп кетеді. Сол бойда баланың тілі шығып, сөйлеп кеткен екен[3]. Әрине, бұлардың барлығы Алла елшісіне тән пайғамбарлық қасиет. Оның емдеуі Алланың қалауымен орындалады. Әрі бұл оқиғаларды көрген сахабалардың иманы артып, дінге деген беріктігі нығая түсті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қауіпті аурулардан сақтандырып: – «Алапеспен ауырған адаммен араңызда бір найза ұзындығындай алыс тұрып сөйлесіңдер»[4]. – «Егер қайсыбіріңнің ыдысына шыбын түссе, оны түгелдей батырып алып, сосын лақтырып тастаңдар, өйткені оның бір қанатында шипа болса, екінші қанатында індет бар»[5] деген. Сондай-ақ емделумен қоса, дерттің емін тек Алла беретін болғандықтан, дұға етуді маңызды санап: «Алла Тағаладан дүние және ақирет сыйы мен саулық тілеңдер»[6] деп өсиет етіп: «Алла Тағалам! Денеме, көзіме және құлағыма саулық бере көр»[7] «Уа, Алла Тағалам! Амандық бер, мейіріміңе бөле, тура жолда жүргіз. Денсаулық бер және рызықтандыр»[8] деп дұға тілеген. Тіпті кейбір аурудан дем салу арқылы арылуды өсиет еткен. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Умму Сәләсаның үйінде бетінде қара дақ бар қызды көріп: «Дем салыңдар, оған көз тиіпті», – деген. Алла елшісі (с.ғ.с.) қатты науқастанып ауырған мезгілде муауизәтәйн («нас», «фалақ») сүрелерін оқып, алақанына үрлеп, денесінің қол жеткен жеріне дейін сипап дем салған. Қайтыс болардың алдында қатты науқастанғанда, Айша анамыз осы сүрелерді оқып, үрлеп Пайғамбарымызға дем салған[9]. Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) науқастанса, «муауизатайн» оқып, алақанына дем үрлеп, қолымен денесін сипайтын. Ол дүние салардағы науқасымен ауырғанда мен де өзі дем салатыны сияқты муауизатайнды оқып, дем үрлеп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қолымен денесін сипай бастадым»[10] дейді.


[1] Дарими, Муқаддима: 4. Мүснад, 1:254;

[2] Қади Ияд, әш-Шифа, 1:324; Али әл-Қари, Шарһул-шифа, 1/657.

[3] Қади Ияд, әш-Шифа,1:319; әл-Бидая уан-ниһая, 6:158-159.

[4] Румузул-Ахадис 2/471.

[5] Бұхари 5782

[6] Ибн Мажә, Дуа 5.

[7] Әбу Дәуіт, 101.

[8] Мүслим, Зикр: 35

[9] Р. Бути, Фиқһус-сира «Пайғамбарымыздың соңғы уақыттары»; Бұхари, емшілік кітабы.

[10] Бұхари, 4439.

Пікірлер Кіру