КҮНӘНІ ЖАСЫРУ ҮШІН ӨТІРІК АЙТУҒА БОЛА МА?

15 қараша 2023 2719 0
Оқу режимі

Сұрақ: Күнәні жасыру үшін өтірік айтуға бола ма?


Жауап

Өтірік сөйлеу – екі жүзділіктің бір сипаты, жамандыққа алып баратын мұсылманға жат қылық. Шариғатымызда өтірік сөйлеуге тыйым салынған әрі оның екі дүние бақытсыздығына алып баратыны баяндалған.

Ибн Масғудтан жеткен риуаятта:

لاَ يَصْلُحُ الْكَذِبُ فِي جِدٍّ وَلاَ هَزْلٍ، وَلاَ أَنْ يَعِدَ أَحَدُكُمْ وَلَدَهُ شَيْئًا ثُمَّ لاَ يُنْجِزُ لَهُ

«Шындап та, әзілдеп те өтірік айтуға болмайды. Сондай-ақ сендердің бірулеріңнің баласына бір нәрсені уәде етіп, кейін оны орындамау да дұрыс емес»[1], – делінген.

Ал енді бір адам күнә жасап қойса, шынайы тәубе етіп, оны жасырып, ешкімге айтпаған жөн. Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّ أُمَّتِي مُعَافًى إِلَّا الْمُجَاهِرِينَ، وَإِنَّ مِنْ الْمُجَاهَرَةِ أَنْ يَعْمَلَ الرَّجُلُ بِاللَّيْلِ عَمَلًا ثُمَّ يُصْبِحَ وَقَدْ سَتَرَهُ اللَّهُ عَلَيْهِ فَيَقُولَ: يَا فُلَانُ عَمِلْتُ الْبَارِحَةَ كَذَا وَكَذَا. وَقَدْ بَاتَ يَسْتُرُهُ رَبُّهُ وَيُصْبِحُ يَكْشِفُ سِتْرَ اللَّهِ عَنْهُ

«Үмметімнің ішінде өз күнәсін жариялаушылардан басқаның барлығына бірдей кешірім жасалады. Өз күнәсін жариялаудың мысалы: бір кісі түнде бір іс жасап қояды да Алла оның күнәсін жасырған күйі таңын аттырады. Алайда ол: «Әй, пәленше, мен кеше ананы істедім, мынаны істедім», – дейді. Алла оның түнде істегенін күнәсін жасырған еді, ал ертесіне ол Алланың жасырғанын жариялайды»[2], – дейді.

Алайда біреу істеген күнә ісін қоймай сұрап жатса, өтірік те сөйлемей, ашық та айтпай, бәлки оған тұспалдап жауап берудің оқасы жоқ. Мысалы, «Мені осы істі істейді деп ойлайсың ба?» деген сөзбен ол істі істемегендей немесе «Бұны надандар ғана істейді» деп, оны надандық кезінде істеп, кейін тәубеге келгенін мақсат етіп жауап беруге болады. Сондай-ақ, «Мен бұл істі істемедім» деп, дәл бүгін істемегінін астарлап қолдануға да рұқсат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

إنّ في المعاريض لَمَندوحةً عن الكذب

«Өтірікті айтуды қажет етпейтіндей астарлы сөздер жеткілікті»[3].

Имам Нәуауи: «Қажеттілік туындағанда сөзді тұспалдап қолданудың оқасы жоқ. Ал ешбір қажетсіз қолдану мәкруһ саналады, бірақ харам емес. Алайда ол біреудің ақысына қол сұғуға немесе ақиқатқа тосқауыл қоюға алып барса, оны қолдану харам болады»[4], дейді.

Қорыта айтқанда, күнә жасаған адам шынайы тәубе етіп, оны ешкімге айтпай жасыруы тиіс. Егер біреу қоймай сұрап жатса, өтірік айтпастан жоғарыда келгендей тұспалдап жауап берудің оқасы жоқ.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Бұхари, әл-Әдәбу әл-Муфрад, №387.

[2] Бұхари, №6069. Муслим, №2990.

[3] Бұхари, №857.

[4] Әл-Әзкәр, 1/482.

  •  
Тегтер: өтірік айту
Пікірлер Кіру