Мәйітті жерлеуді кешіктіру дұрыс па?

03 желтоқсан 2018 11177 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Қайтыс болған адамды барынша жылдам жерлеу керек дейді ғой. Бірақ етжақын туыстары хабар алғаннан кейін «жерлемей тұра тұрыңдар, соңғы рет бір көріп қалайық» деп жатады... Сұрағым келгені, қайтыс болған адамның жерлеуін қаншалықты кешіктіруге болады?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Қайтыс болған адамның денесін жер қойнына барынша ерте тапсыру – мұстахаб (жақсы көрілген) амал. Ерте жерлеуге қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

أسرعوا بالجنازة، فإن تك صالحة فخير تقدمونها عليه، وإن يكن سوى ذلك فشر تضعونه عن رقابكم

«Жаназаны ерте шығаруға асығыңдар. Егер (қайтыс болған адам) салиқалы болса, оған жақсылық жасаған боласыңдар, ал егер басқа болса (салиқалы болмаса), мойындарыңнан жамандықты түсірген боласыңдар»[1], – дейді. Тағы бір жерде:

إذا مات أحدكم فلا تحبسوه، وأسرعوا به إلى قبره

«Егер араларыңнан біреуіңді ажал құшса, оны сақтап қоймаңдар, оны қабіріне жылдам қауыштырыңдар»[2], – деген.

Имам Бәдруддин Айни жоғарыдағы әуелгі хадистің ашықтамасында былай деді: «Бұл хадис – мәйітті жерлеуді жылдамдатудың мұстахаб амал екеніне дәлел, алайда адамның жаны нақты шыққан болуы керек. Егер мәйіт жарақаттанған, сал немесе комадағы адам болса, оны жерлеуге асығыстық жасалмайды. Олардың нақты жаны шыққанына көз жеткізу үшін бір күн бір түн күту керек»[3].

Сол сияқты «Маусуъа фиқхия» кітабында осы мәселеге қатысты былай делінген: «Егер адамның жаны шыққаны нақтыланса, оны жерлеуді кешіктірмеуге, жылдамдату керек екеніне фиқх ғалымдары бірауыздан келіскен». Және де осы бапта былай айтылған: «Жаны шыққан сәттен бастап жерлеуге асығу – мұстахаб. Егер адам жұма күні азаңда қайтыс болса, жаназасына көп адам қатыссын деп жұма намазына дейін кешіктіру мәкрүһ болып табылады. Егер адамды жерлесек жұмадан кешігеміз деп қорыққан жағдайда жерлеуді кешіктіруге болады»[4].

Жоғарыдағы хадистер мен ғалымдардың сөздеріне сүйене отырып былай дейміз: қайтыс болған адамның жаны шыққаны нақтыланғаннан кейін оны жерлеуге қамдану керек. Себебі, бұл – мұстахаб амал. Ал, егер қандай да бір себептерге байланысты кішкене уақтытқа кешіктірілсе, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Бірақ қайтыс болған адам бүлініп, иістеніп кететіндей уақытқа кешіктірілмеуі керек.

Ең турасын Алла біледі

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Бухари, Муслим
[2] Табарани
[3] Ъумдатул-қари
[4] Маусуъа фиқхия

Пікірлер Кіру