Аузы берік адам құсса, оразасы бұзыла ма?

02 маусым 2018 31896 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Ауыз толтырып құсса, ораза бұзылатын ба еді? Үсен


Жауап

Уа алейкум ас салам! Құрметті Үсен, сіздің сауалыңызға байланысты «Ихтияр» атты кітапта былай айтылған: «Егер аузын толтырып құсса, Оған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

من قاء فلا قضاء عليه، و من استقاء فعليه القضاء

«Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал, әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін»[1], – деген. Бұл хадис Икримадан марфуғ[2] әрі мауқуф[3] жолмен бірдей жеткен. (Дегенмен) Имам Мухаммад пен Зуфардың[4] көзқарасында «құсық – ауыз тола болмаса да оразаны бұзады» дейді. Захир риуаятта[5] екеуінің арасы[6] бөлінбеген. Алайда, дұрысы – арасының бөлінгені. Әбу Ханифаның бұл сөзін Хасан жеткізген. Себебі ауызды толтырып құспаған болса, ондағы шыққан нәрсе кекіргеніндегі түкіріктің үкіміндей. Ал, ол болса, ауызды толтырмайды»[7].

Тоқетері: Ауыз толтырып құсу адамның қалауынсыз болса әрі оны қайта кері жұтпаған болса, онда оразасы бұзылмайды. Кері жағдайда бір күн оразасының қазасын өтейді. Ең дұрысын Алла біледі.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Әбу Дауд, Ибн Мажа, Тирмизи, Нәсаи, Ибн Хиббан
[2] Тізбегі Пайғамбарға (с.ғ.с) дейін көтерілген хадис
[3] Тізбегі сахабаға келіп тірелген хадис.
[4] Әбу Ханифаның ғалым шәкірттері
[5] Имам Мухаммадтың Имам Әбу Ханифадан жеткізіп, алты кітабының біріне енгізген риуаяттары
[6] Ауыз тола құсу мен толмай құсу
[7] Ихтияр фи тағлил әл-Мухтар

Пікірлер Кіру