Алдыңғы сапқа таласу қажет пе?

18 сәуір 2019 11033 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Намазда әуелгі сапты толтыру керек әрі оның кейінгі саптардан сауабы мол дейді. Біз кейде әуелгі саптың сауабы көп қой, онда үлкендер шықсын деп арт жақта отыра береміз, осы дұрыс па? Орнымызды үлкенге беріп кейінгі сапқа тұру қате іс пе? А.Ануар


Жауап

Уа алейкум ассалам. Сіздің сұрағыңызды екі бөліп жауап берейік.

Біріншіден, жамағатпен оқылған намазда алғашқы саптарды толтыру керек. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алғашқы саптың артықшылығын көрсетіп:

خَيْرُ صُفُوفِ الرِّجَالِ أَوَّلُهَا وَشَرُّهَا آخِرُهَا...

«Еркектер үшін ең жақсы сап – әуелгі сап, нашары – ақырғысы...»[1], – деген.

Бұл хадисті ашықтаған Имам Науауи (р.а): «Мұндағы жақсы деген сауаптың молдығы, ал нашар деген сауаптың аздығы»,[2] – деп ашықтаған.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

رصوا صفوفكم وقاربوا بينها

«Саптарыңды берік ұстаңдар, оларды бір-біріне жақындатыңдар...»,[3] – деген. Ендеше, алдыңғы сапты толтыру керек. Себебі ол тек мол сауап қана емес, сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  бұйрығы да...

Келесі ашықтайтын мәселе – кейіннен келген жасы үлкендерге құрмет танытып, алдыңғы саптан орын беру жағдайы. Белгілі ғалым Хамауи (р.а) бұл мәселеге қатысты: «Егер біреу әуелгі сапқа тұрса, кейіннен жасы үлкен немесе ғалым адам келіп қалса, онда оған құрмет көрсетіп орын береді»,[4] – деген екен. Осы айтылғаннан үлкен адамдарға орын берудің еш әбестігі жоқ екенін байқаймыз.

Кейбір мәзһаб ғалымдары әуелгі сапты біреуге беруді мәкрүһ деп есептегені мәлім. Алайда, шейх Бири мәкрүһ болмайтынын айтып, оған дәлел ретінде Құранның:

وَيُؤْثِرُونَ عَلَىٰ أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ

«Сондай-ақ, өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді»,[5] – деген аятын ұсынған.

Имам Ибн Абидин (р.а): «Бұл мәселені әлгі елдімекеннің құндылықтарымен өлшеу керек. Егер онда адам жасы мен ғылымы құрметтелетін болса, онда оларға құрмет көрсетуі бірінші қатарда тұруынан артық болмақ»,[6] – дейді.

Тоқетері: егер жамағат намазына ерте келген болсаңыз, алдыңғы саптарға ұмтылыңыз. Егер жасы үлкен немесе ғалым адамдар келіп қалса, құрмет танытып, әуелгі саптағы орныңызды ұсынсаңыз болады.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Муслим.
[2] Шарх Сахих Муслим.
[3] Әбу Дәуід.
[4] Хашият Хамауи.
[5] «Хашр» сүресі, 9-аят.
[6] Роддул-мухтар

Пікірлер Кіру