Ғұсыл кезіндегі күмәннан қалай арыламын?

12 қыркүйек 2019 30489 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Мен ғұсылға қатты күмәнданамын. Және харам нәрселерге қарап нәпсіме ерік беріп жүрмін. Су денсаулыққа зиян тигізерліктей болса, жалпы ғұсыл алуға жағдай болмағанда таяммум жасауға бола ма, дәрет алғанда қалай екен. Айтуған.   Ғұсыл алып болғаннан кейін бір нәрсе бөлінгендей болады. Осындай жағдайда қайта ғұсыл құйынуым керек пе? Айдос.


Жауап

Уа алейкум салам. Бұл сұрақтарды бірнеше бөлікке бөліп қарастырсақ:

БІРІНШІСІ – ғұсылға күмәндану. Ғұсылға қатысты Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінде: «Егер жүніп болсаңдар, ғұсыл алыңдар (шомылыңдар)»,[1] – деген. Яғни, ғұсыл құйынуды қажет ететін жағдайлар бар. Олар:

  1. Өзге дін өкілінің Исламды қабылдауы;
  2. Мәйітке ғұсыл құю;
  3. Әйелдердің нифасы мен хайызының тоқтауы;
  4. Жүніптік.

Әуелгі екі жағдай белгілі, біздің сұрақпен тікелей қатысы жоқ. Сол себепті кейінгі екеуіне ғана жауап берелік:

А) Нифас – әйелдің босанғаннан кейін келетін қаны. Ол қан тоқтағаннан кейін әйел адам ғұсыл құйынып, әдеттегі құлшылықтарына оралады. Нифас мерзімінің Ханафи мазхабы бойынша ең ұзағы қырық күнге созылады.

Ә) Хайыз –балиғатқа толған әйелдің әр ай сайын келіп тұратын етеккірі. Ол әйелдерде үш пен он күн аралығында байқалады. Әйел заты одан толық арылғаннан кейін қайта ғибадатына оралады.

Күмән тудыруы мүмкін жайттар:
– егер етеккір қаны әдеттен тыс уақытта келсе;
– үш күннен аз уақыт келгені;
– он күннен асып келгені;
– жүктілік кезінде байқалған қан;

Бұлардың ешбірі етеккірге саналмайды. Бұлар – үзір қаны. Яғни, әр намазға үзір дәретпен намаз оқи береді.

Б) Жүніптік. Жүніп болу – шахуаттың (мәнидің) атылып шығуымен, түс көріп, оянғаннан кейін шахуаттың әсерін байқаумен, ерлі-зайыптылардың қосылуымен болады.

Күмән тудыруы мүмкін жәйттар:

– Әйел адам шалқасынан жатып, біртүрлі түс көріп, оянғаннан кейін сұйықтықтың бөлінгенін таппаса да жүніп болып есептеледі. Себебі, бөлінген сұйықтық қайта ішіне кіріп кету қауіпі бар.
– Егер ер адам түс көріп, оянғаннан кейін ешнәрсе байқамаса, жүніп болмайды. Себебі, ер адамнан бөлінген нәрсенің әсері айқын болады.
–  Ұйқыдан оянған адам молынан бөлінген шахуаттың әсерін тапса, түс көрмесе де жүніп болады.
– Егер адам шахуатын оятатын нәрсеге қараса немесе жыныстық қатынас туралы ойға кетсе, сөйтіп өздігінен әлсін ылғал (мәзи) бөлінсе, онда ол адамның ғұсылы бұзылмайды.

Осы айтылғандарды дұрыс түсінсеңіз, күмәнға орын қалмайды.  

ЕКІНШІСІ – харам нәрселерге қарауға тыйым салынған. Алла Тағала Құранда «Зинаға жақындамаңдар»[2] деген, яғни оған апаратын жолдарға әуес болмаңдар дегені. Зинаға жетелейтін нәрсеге қарау – зинаның алғашқы қадамы болып табылады. Оның емін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінен табамыз: «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза – ол үшін қалқан»[3].

Нәпсіңізге ерік бермеңіз. Ол жақсылыққа апармайды. Шамаңыз келсе үйленіңіз, себебі үйленгеннен кейін жұбайыңызға қосылудың өзі сауапқа кенелтеді. Ал, шамаңыз келмесе, ораза ұстаңыз.

ҮШІНШІСІ: Су денсаулыққа зиян тигізерліктей болса, жалпы ғұсыл алуға жағдай болмағанда, таяммум жасауға болады. Алла Тағала Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, ғұсыл алыңдар. Егер науқас не сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар таза жерге таяммүм соғыңдар; онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Өйткені, Алла, сендерге ауыршылық қаламайды. Бірақ, сендерді тазартуды, сондай-ақ, шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауды қалайды»,[4] – дейді. Ол таяммум алатын судың жылуымен немесе ғұсыл алуға жағдай туысымен бұзылады. Сол сәттен бастап ғұсыл алуыңыз керек болады. 

ТӨРТІНШІСІ – жүніп болған адамның дәрет алуы туралы. Жүніп адамның ғұсыл алуға мүмкіндігі болмаса, су табылмаса немесе кішкене ғана, дәрет алуға ғана жетерлік су болса, онда ол адам дәрет алмайды. Тек таяммум соғады. Себебі, біздің мазхабта «жеткіліксіз болған нәрсе жоқтың үкімінде»[5] делінген.

Ал, Айдос бауырымыздың сұрағына жауап берер болсақ, ғұсыл алып болғаннан кейін бір нәрсенің бөлінгенін сезінсеңіз, онда соңғы шахуаттың бөлінген уақытына қарау керек. Егер шахуат бөлінгенінен кейін әжептеуір уақыт өткеннен кейін немесе кіші дәретке отырғаннан кейін, жыныстық қатынасты қиялдау салдарынан бөрінген әлсін ылғал (мәзи) болса, ол ғұсылды бұзбайды. Алайда, одан кейін дәрет алу керек.

Дұрысын Алла біледі!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы


[1] «Мәида» сүресі, 6-аят.
[2] «Исра» сүресі, 32-аят.
[3] Бухари, Муслим
[4] Маида 6.
[5] Әл-Бахрур-раиқ.

Тегтер: ғұсыл дәрет
Пікірлер Кіру