АДАЛДЫҚТЫҢ МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕСІ

01 қыркүйек 2026 127 0
Оқу режимі

Адалдық дегенді қалай түсінеміз? Адал адам деген кім? Адалдық дегенде көз алдымызға ешқашан өтірік айтпайтын, отбасына адал, саудада адал, жұмысына адал адам елестейтіні анық. Шын мәнінде адалдықтың мәні осындай. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне адал болуды, әділ болуды өнеге етті. Бүгінгі мақаламызда Алла елшісінің адалдығы турасында баяндаймыз.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды діни салада «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Адал, әділ, таза қоғам қалыптастыру ісінде дін қызметкерлерінің де насихаты ерекше. Осы ретте біз адалдық пен әділдікті алдымен ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйренетініміз анық. Қазақ халқы «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Бабаларымыз адалдықты жай ғана мінез емес, адамның ішкі болмысы деп түсінген. Себебі адалдық жоғалған жерде сенім жоғалады. Сенім жоғалған жерде қоғам әлсірейді. Бүгінде «адал болу» деген сөз көбіне саудада өтірік айтпау немесе біреудің ақысын жемеу деген мағынада ғана қабылданады. Алайда дінміздегі адалдық ұғымы әлдеқайда кең.

Адалдық – Аллаға адал болу, аманатқа адал болу, отбасына адал болу, халқына адал болу, тіпті жан-жануарға дейін әділетпен қарау. Осы тұрғыдан қарағанда адамзат тарихында адалдықтың ең кемел үлгісін көрсеткен тұлға Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар екені хақ. Ол адалдықты бір салада емес, өмірінің барлық қырында көрсетті. Сондықтан оның өмірін зерттеген сайын әл-Әмин, яғни «ең сенімді адам» деген атақтың кездейсоқ берілмегенін түсінесің. Бұл мақалада Пайғамбарымыздың жеті түрлі адалдығына тоқталамыз.

Біріншісі – Алланың дініне деген адалдығы. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық аманатқа қиянат жасамады. Себебі пайғамбарлық мәртебе ғана емес, ең ауыр аманат еді. Алла Тағала Құранда: «Ей, Елші! Раббыңнан өзіңе түсірілгенді толық жеткіз...», – деп бұйырған («Мәида» сүресі, 67-аят). Бұл аят пайғамбарлықтың мәнін ашып береді. Алла елшісі діннің ешбір үкімін адамдарға ұнайды немесе ұнамайды деп өзгерткен жоқ. Бір үкімді жасырып, бір үкімді жеңілдеткен жоқ. Алла нені бұйырса, соны түгел жеткізді. Құран оның осы адалдығын куәландырып: «Бүгін сендерге діндеріңді кемеліне жеткіздім...», – деп жариялады («Мәида» сүресі, 3-аят). Пайғамбар әр істі ең әуелі өзі орындады. Адамдарға намазды үйретпей тұрып, өзі түндерін құлшылықпен өткізді. Оразаны уағыздамай тұрып, өзі ұстады. Жомарттықты насихаттамай тұрып, өзі барын берді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, сендер үшін Алланың елшісінде көркем үлгі бар», – деп бекер айтқан жоқ («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Яғни Пайғамбарымыздың дінге адалдығы уағызынан емес, өмірінен көрінді.

Екіншісі – сахабаларына деген адалдығы. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басшы ғана емес, жүректердің панасы бола білді. Себебі нағыз көшбасшы халықты басқармайды, олардың жүрегіне тірек болады. Пайғамбарымыз дәл сондай еді. Бұл жайында Құранның «Әли Имран» сүресінің 15-аятында: «Сен оларға жұмсақ болдың. Егер дөрекі, қатыгез болғаныңда олар маңайыңнан тарап кетер еді», – делінген. Ол сахабаларын тыңдап, кеңестерін қабылдай білді. Сахабаларының жан жарасын түсінді. Қуанышын бірге бөлісіп, қайғысын да бірге көтерді. Осылайша біріне әке, енді біріне ұстаз, тағы біріне сырлас дос болды.

Үшіншісі – уәдеге деген адалдығы. Уәде – мүминнің сөзі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адаммен белгілі жерде кездесуге уәделескен болатын. Ал әлгі адам ол жайында ұмытып кетеді. Алла елшісі болса, сол кісіні үш күн бойы уәделескен орында күткен еді. Бұл сөз қадірін білудің үлгісі еді. Сахабалар Пайғамбардың аузынан шыққан әр сөзге сенетін. Себебі Алла елшісі ешқашан уәдесін бұзбайбын.

Төртіншісі – отбасына деген адалдығы. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін оның отбасы ұлы шаңырағы еді. Қоғамда өзін жақсы ұстайтын адамдар болады. Алайда үйіне барған соң мүлдем басқа адамға айналады. Ал Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезді ең алдымен үйінде көрсетті. Себебі ол хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең жақсы қарағандарың. Мен отбасыма өте жақсы қараймын»» деген болатын (Термизи). Пайғамбарымыз жұбайларымен әңгімелесетін, әзілдесетін. Үй шаруасына көмектесетін. Киімін өзі жамап, аяқ киімін де өзі тігетін. Балаларын құшағына алып, немерелерін иығына мінгізетін. Пайғамбарымыз сол арқылы бізге үлкен үлгі-өнеге көрсетті. Демек адамның ұлылығы – мінберде емес, үйіндегі мінезінде.

Бесіншісі – туған жеріне деген адалдығы. Ол өзінің туған жері Меккені қатты сағынаты. Себебі Отанды сүю – табиғи сезім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден күштеп шығарылғанда артына бұрылып: «Сен қандай жақсы мекенсің! Сен мен үшін ең керемет жерсің. Егер халқым мені шығармағанда, сені ешқашан тастамас едім», – деген болатын (Термизи). Осы сөзде туған жерге деген қаншама сағыныш жатыр, елге деген махаббат жатыр. Ол Меккені балалық шағы өткен жер болғаны үшін жақсы көрді. Ислам діні адамды туған жерін қадірлеуге шақырады. Өйткені туған жерге адал адам халқына да адал болады.

Алтыншысы – өзге дін өкілдеріне деген адалдығы. Мұның адамдықтың биік өлшемі десе де болады. Осы арқылы Пайғамбар бізге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзге діндегі адамдардың сеніміне құрметпен қарауды үйретті. Ардақты Пайғамбарымыз: «Кім мұсылман мемлекетінде өмір сүретін келісімдегі (зимми) адамға зұлымдық жасаса, Қиямет күні мен соның қарсыласы боламын», – деді (Әбу Дәуіт). Бұл – бұрын-соңды айтылмаған құқықтық кепілдік. Мәдина келісімі арқылы яһудилерге өз дінінде қалуға мүмкіндік берді. Олардың ғибадат орындарына қол сұқтырмады. Христиан делегациясын мешітінде қабылдады. Тіпті олардың құлшылық жасауына мүмкіндік бергені сира кітаптарында айтылады. Демек Исламдағы өзгеге құрмет көрсету – әлсіздік емес, пайғамбарлық көркем мінездің көрінісі.

Жетіншісі – жан-жануарларға деген адалдығы. Мейірімнің шекарасы болмайды. Пайғамбарымыздың рақымы адамдармен ғана шектелмеді. Тіпті түйенің аштықтан әлсірегенін көргенде: «Мына тілсіз жануарларды қинамаңдар, Алладан қорқыңдар!» – деді (Әбу Дәуіт). Тағы бір хадисте мысықты қамап қойған әйелдің азапқа лайық болғаны, ал шөлдеген итке су берген адамның кешірілгені баяндалады (Бұхари, Мүслім). Исламдағы мейірімнің өлшемі осы. Жануарға жасалған жақсылық – сауап. Оған жасалған қиянат – күнә. Табиғатқа, жануарға, әлсізге деген қатынас – адамның жүрегінің айнасы.

Сегізіншісі – үмбетіне деген адалдығы. Бұл – пайғамбарлық махаббаттың шыңы. Себебі Пайғамбарымыздың ең үлкен адалдығы – өз үмбетіне деген махаббаты. Құранда бұл жайында былай делінген: «Сендерге өз араларыңнан сондай бір Елші келді. Сендердің қиындыққа ұшырауларың оған ауыр тиеді. Ол – сендерге өте жанашыр, мүминдерге өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят). Ол әр намазда үмбетін ойлады. Түнде үмбеті үшін дұға етті. Жәбірейіл келген сайын: «Үмбетім, үмбетім», – деп алаңдады. Бір хадисте Алла елшісінің: «Маған үмбетімнің амалдары көрсетілді. Жақсылықтарын көргенде Аллаға мақтау айттым. Кемшіліктерін көргенде олар үшін кешірім тіледім», – дегені айтылады. Яғни ол – өзінің құтқарылуын ғана емес, үмбетінің амандығын сұраған пайғамбар. Себебі ол – адамзат тарихындағы ең адал әрі жанашыр адам. Пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, адалдық оның бір ғана қасиеті емес, бүкіл болмысын біріктірген өзек екенін көреміз.

Ол Аллаға адал болды, сол арқылы дінді толық жеткізді. Аманатқа адал болды, сөйтіп ешбір жауапкершіліктен жалтармады. Сахабаларына адал болды, сол себепті оларды тәрбиеледі, қорғады, жігерлендірді. Отбасына адал болды, ең жақсы жар, ең мейірімді әке бола білді. Отанына адал болды, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ашық білдірді. Өзге дін өкілдеріне адал болды, олардың құқықтарын қорғап, адамдық қадірін сақтады. Жан-жануарларға адал болды, олардың рақымын бүкіл жаратылысқа таратты. Ал ең соңында, үмбетіне адал болды. Осылайша дүниеде де, ақыретте де олардың амандығын ойлады. Міне, сондықтан үмбеті оны «әл-Әмин» деп атады. Бұл атақ оның сансыз сынақтан өткен адал өмірдің жемісі еді. Бүгін біз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды жақсы көреміз десек, оны мадақтаумен ғана шектелмеуіміз керек. Алла елшісінің адалдығын өмірімізге көшіруіміз қажет. Өйткені Пайғамбарға деген шынайы махаббат оның мінезін жалғастыру арқылы көрініс табады.

 

Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ,
Астана қаласының бас имамы

Пікірлер Кіру