АМАНАТҚА БЕРІК БОЛ! (Он бесінші күн)

04 наурыз 2026 62 0
Оқу режимі

4 наурыз

Он бесінші күн

АМАНАТҚА БЕРІК БОЛ!

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Аманат сөзі уақытша берілген нәрсеге иелік етіп, қызғыштай қорып, өзінің негізгі иесіне қайтаруды білдіреді. Аманат – адамның бойындағы ең асыл қасиет. Халқымыз «Аманат – молшылық әкеледі, қиянат – кедейлік әкеледі» – деген. Яғни аманат бұзылған жерде қиянат қанат жаяды. Ондай ортада ынтымақтың іргесі сөгіледі, берекенің қамалы бұзылады. Аманаттың түрі көп. Ең үлкен аманат адамның – жаны. Бұрынғы абыз бабаларымыз: «Алланың аманатқа берген жанын, кезегі келген кезде қайтарамын» деп бекер айтпаса керек[1].

Сондықтан аманат сөзінің астары тереңде жатыр. Бұл – адамдар арасында үлкен жауапкершілікті білдіретін іс. Әсіресе, қазақтың күнделікті тіршілігінде бұл ұғым адамшылық белгісі ретінде қолданылады. Халқымыз «Біреу берсе аманат, қылма оған қиянат» – деген.

Шариғатта аманат деп сенімді адамға өзгенің уақытша сақтауға берген бағалы заттары мен қалдырған мүлікке айтылады. Аманатқа ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс.

Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар», – деген («Әнфал» сүресі, 27-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ ولاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – деген (имам Әбу Дәуіт).

«Иман» сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни, мүміннің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады. Басқа қырынан талдайтын болсақ, екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Иманы толық адам аманатшыл келеді, ал аманатқа берік мүмин кісінің иманы толық деп айта аламыз. Аманатқа қиянат – иманға, өзінің сеніміне қиянат деген сөз.

Мұсылманның бойындағы әрбір ізгі қасиет иманынан тарайды. Жаратушы Алла Тағаланың «Әл-Мумин» деген көркем есім-сипаты бар. Мағынасы: «Өзіне иланған пенделерін панасына алушы, түрлі қасіреттен сақтаушы» деген сөз. Аманат сөзі осы сөзбен түбірлес. Сондықтан аманатшыл адам Құдай Тағаланың осы сипатына сыйынып, қамқорлығына алғандарға пана болады, қиын-қыстау сәтте қасынан табылып жанашырлық танытады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлықтарың бақташысыңдар және барлықтарың қол астыларыңдағы кісілерге жауап бересіңдер. Басшы қол астындағыларға жауапты, ер кісі отбасына жауапты, әйелі күйеуінің үйіне жауапты, қызметші қожайынның малына жауапты», – деген (Бұхари).

Аманатшылдық – Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында күндей жарқырап көрінген асыл қасиет. Дүние есігін ашқаннан, ғұмырының соңғы сәтіне дейін оның мүбәрак ауызынан жалған сөз шықпаған. Пайғамбарлық келмей тұрып, Құрайыш халқы оны «әл-Әмин» деп таныды. Оның әрбір сөзі мен ісі шынайылыққа толы болды. Тіпті пайғамбарлық берілгеннен кейін де мүшриктер өз дүниелерін оған сеніп тапсыратын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке шаһарынан Мәдинаға һижрет жасайтын уақытта өзіне аманатқа берілген дүние-мүлікті өз иелеріне қайтару үшін Хазіреті Әлиге тапсырып кетеді. Мүшриктер қауымы хақты мойындамаса да, Әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманатшылдығын мойындап, оның осы асыл қасиетіне ешкімді ортақ етпейтін.

Аманат сөзінің ауқымы кең. Ол адам өмірінің барлық қырларын қамтиды. Аманат берген сөзіне, тапсырылған іске һәм уақытша иелік ететін нәрсеге өзінің мүлкі һәм өзінің ісі ретінде қарау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе қалағанды өзгеге тілемейінше кәміл мұсылман болмайсың», – деді. Аманатшылдық мұсылманның асыл қасиеті. Онсыз иманы толық болмайды. Әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманатқа қиянатшылдың иманы – жоқ. Серттен тайғанның – діні жоқ», – деген (имам Ахмад).

Жаратқан Алла аманатқа қиянат жасамайтын, Өзінің сүйікті құлдарынан болуымызды нәсіп етсін. Әмин!

[1] Бекен Қайратұлы, Аманатқа қиянат жүрмейді.

Пікірлер Кіру