ӘСІРЕ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯ ҰСТАНУШЫЛАРДЫҢ СЫРТ КЕЛБЕТІ

12 сәуір 2024 350 0
Оқу режимі

Діннің адамзат өмірінде атқарған орны мен рөлі бар. Тіпті адамзат тарихы дінсіз болмаған деген сөз бар. Әртүрлі сенімдік кезеңдерді басынан кешірген бұл адамзат қоғамы қазірде діннің қоғам өміріндегі орны мен мәнін жетік түсінетін шағына жетуі қажет еді. Алайда, бұл толығымен жүзеге аспады.

Оның басты себептерінің бірі ғылым мен діннің жеке дара қарастырылуы. Діндарлар да өз кезегінде дінді жеке-дара сенім тетігі ретінде ұстанып, дінилік және дүнияуилік, осы дүниелік және о дүниелік ретінде құндылықтар мен ұстанымдарды бөлуге құштар. Тіпті мемлекеттік қатынастар тұрғысынан да дін мен мемлекет бөлек болу қағидасы жаппай таралған. Бірақ, екінші жағынан діннің бөлек қызмет саласына айналу үрдісі де дінге көп жақсылық алып келмегені анық. Ислам діні тұрғысынан қарасақ, о баста дін қызметкері деген түсінік болған емес. Дін адамның құдаймен арадағы байланысы іспеттес болғандықтан оған арнайы қызметкерлер қажет болмады. Бертін келе дінді қоғамнан бөліп қарастыру мақсатында дінге арнайы қызмет жасайтын адамдар тағайындала бастады. Бұл жерде біріншіден, белгілі бір билік өкілдері арнайы тағайындаған адамдар арқылы діндарларды игеру ниеті болса, екіншіден діни қызметкерге де тиімді болды. Ақыр соңында дін белгілі бір сол саланың адамдарына ғана қатысты құбылысқа айналды. Әлемдік діндер саналатын буддизм, христиан діндеріне бұл үрдіс ертерек қалыптасты. Қазір ислам да бұдан қалыс емес.

Әсіресе, ХV-XVІ ғғ. дейін өркениет пен мәдениеттің озық үлгісін көрсеткен ислам әлемінің қазіргі кейпі аянышты. Оның басты себебі, мұсылмандардың исламның қабығына жармасып, оның ішкі мәнінен, мазмұнынан алшақтауы болса керек. Ғылым мен дін ажыраған сәттен бастап ислам о дүниелік дінге айналды деуге болады. Қазір де көптеген діндарлар басқаларды бағалауда олардың сыртқы формасына көбірек көңіл бөледі.

Әрине, іш пен сырттың белгілі бір байланысы бар. Дегенмен, сыртқы формаға ғана жармасқан діни ұстанымда ешқандай алға жылжушылық болмасы анық. Қазіргі ғылым мен технология заманында мұсылмандардың артта қалуының астарында да осы жәйт жатыр деуге болады. ИЫҰ-на мүше елуден астам елдің ішінен әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің арасында бірде-бір мемлекеттің болмауын басқа ешқандай уәжбен түсіндіре алмасымыз анық.

Ал, тек сыртқы қабыққа жармасқан жерде діндарлықтың да құны ештеңеге татымайды. Оның үстіне тек сыртқы көрініске дұрыс көзқарас болса бір сәрі, әртүрлі салт-санаға еліктеудің нәтижесіндегі қол жеткізген көріністер қазіргі әлемге исламды құбыжық етіп көрсетуде алдына жан салар емес. Өкінішке қарай, біздің елімізді де бұл үрдіс айналып өтпеді. Қазіргі кезде тарихымызда болмаған әралуандықтың ішінде дінге де салтқа да жанаспайтын көріністер мен өмірлік ұстанымдарды көріп жатырмыз.

Енді не қылмақ керек? Дінді қоғамнан аластата алмаймыз. Қазір адам құқықтарының басты шарттарының біріне айналған сенім бостандығын желеу еткен халықаралық ұйымдар да бұған жол бермесі анық. Оның үстіне көпшілік үшін құндылыққа айналған дінмен күрестің заманы келмеске кетті. Демек, енді осы діндердің арасынан дұрысын анықтап, жан мен рухтың қорегіне айналдырмақ керек. Ол үшін Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай:

Дін тазасын діннен ізде

Дін шатағын сынға сал

Анық айна өзіңізде

Айда ақылды қаттырақ! Немесе:

Таза ақылмен таппаған дін

Шын дін емес – жындылық

Қармалаған бір соқырсың

Өлген ой мен көз, құлақ!

Kenshilik Tyshkhanuly 

Пікірлер Кіру