АТЕИСТ ДОКТОРДЫҢ МҰСЫЛМАН БОЛУЫ

01 наурыз 2022 3897 0
Оқу режимі

Доктор Лаурансе Враунмен сұхбат 

- Ислам дінін қабылдауыңызға не түрткі болды?

Менің негізгі мамандығым көз дәрігері. 16 жыл әскери қызметте қызмет атқарғаннан кейін, көз ауруларын емдейтін үлкен орталық аштым. Қазіргі уақытта сол орталықтың басшысымын. Соңғы он жылдың ішінде Ислам жайлы түрлі тақырыптарда кітаптар жаздым. Осыдан 14 жыл бұрын исламды қабылдадым. Алғашқы жылдарым оқу, ізденіспен өтті. Осы жылдар ішінде кейбір тақырыптарға байланысты кітаптардың жетіспейтіндігін сезіндім де кітап жазуға білек сыбанып кірісіп кеттім. Мені кітап жазуға итермелеген себептердің бірі осы болатын. Соңғы он жылдың ішінде 5 кітап жазып шықтым.  

Шыны керек, адамдар менің исламды қабылдауыма түрткі болған жайтты білгісі келеді. Бұл – менің де жалықпай айта беретін қызықты тақырыбым. Негізі, адамдардың көпшілігі мені исламды қабылдамай тұрып, христиан болған деп біледі. Ең алдымен, мұның жансақ пікір екендігін айтып өтейін. Мен негізі христиандықты қабылдауға қаншама рет талпынып көрдім. Ол үшін, тіпті, қыруар уақытымды сарп еттім. Амал қанша бұл әрекетімнен түк шықпады. Мұны айтсам, адамдардың көпшілігі күледі, өкінішке орай шындық осылай болды. Мен шамамен осыдан 19 жыл алдын рухани ізденіске бетбұрдым. Қызым аорт кокарктациясы деген аурумен дүниеге келді. Бұл – соңы өліммен бітетін ауру. Бұлай туылған балалардың көпшілігі өлімге душар болып, қатты қиналып өледі. Бұларға ашық түрде жүрекке ота жасалады. Бірнеше жыл өткеннен кейін тағы да жүрекке ота жасалады. Осылайша тағы да ота жасалады. Яғни, бала өскен сайын клетканы да үлкейтіп отыру қажет. Ақыры бұл балалардың өмірі өліммен аяқталады. Қызымның дүниеге осылай келгендігі туралы хабарды алғанымда өмірімде алғаш рет бақылаудың өз қолымда еместігін сезіндім. Қолымнан ештеңе келмеді. Бұдан алдын өмірімде қандайда бір қиыншылық шыға қалса, оны дереу өзім шешіп тастайтынмын. Егер ақша көбірек керек болса, көбірек еңбектеніп қалаған ақшама қол жеткізетін едім. Бір нәрсені жөндеу керек болса, дереу соның маманын шақыртатынмын немесе қолымнан келсе, өзім-ақ тындыратынмын. Қызымның атын Анна деп қойдым, оны дәрігерлер дереу қатаң бақылауларына алды. Қызымның көкірек тұсынан төмен қарай қап-қара болып кеткен болатын. Өйткені, денесіне оттегі жетіспейтін. Көз алдымда тыпырлап жатты. Оттегі жетпеген ағзасы істен шығатын-ды. Мұны көзіммен көріп тұрғандықтан қатты қиналатынмын. Осылайша, өмірімде алғаш рет өзімнен жоғары бір күшке сыйынуға тура келді. Сол уақытқа дейін атеист болатынмын. Мен негізі Протестант жанұяда туып өстім. Үйдегілердің ешқайсысы діндар емес-тін. Мен де ешқандай дінге кірмеген болатынмын. Дереу бақылау бөлмесінен шығуыма тура келді. Өйткені, қызымның жағдайын тексеру үшін бір топ дәрігер бөлмеге кірген болатын. Олар тексеріп жатқанда мен де шіркеуге барып жалбарынайын деген оймен шіркеуге бардым. Өмірімде бірінші рет қол жайып дұға тіледім. Дұғам қайбір дұға дейсіз, атеистің дұғасы ғой. Күмәнді адамның дұғасы деген нәрсе болатын. Күмәндінің дұғасы былай болады; Ей, Тәңір! Егер бар болсаң, жанымды құтқар, егер жаным болса. Міне, күмәнді адамның дұғасы. Атеисттердің көпшілігі дұға қылса осылай дұға қылады; Ей, Тәңір! Егер бар болсаң, өйткені сенімді емес. Мен де осылай дұға қылдым. Ей, Тәңір! Егер бар болсаң, мен бар-жоқтығыңды нақты білмеймін. Бірақ бар болсаң, мен көмекке зәру болып тұрмын. Жаратушыға сол күні бір уәде бердім. «Егер қызым аман қалатын болса, маған сенің ең разы болған дініңді көрсетсең, мен сонымен жүруге уәде беремін»,– дедім.

Шамамен 15 минуттан кейін ауруханаға бардым. Қызымның жатқан бөлмесіне барғанымда дәрігерлердің менің келгенімді көріп, бір нәрсе айтпақ болып аңдадым. Мен үлкен бір өзгеріс болғанын көздерінен аңғарып тұрдым. Олар қасыма келіп, не болғанын өздері де түсінбеген кейіппен маған қызымның жазылып кететінін жеткізді. Өміріне ешқандай қауіп төнбегенін де айтты. Осылайша қызым сап-сау балалардың қатарына қосылды. Ота да жасалған жоқ, ем де алған жоқ. Тағы да бір айта кетерлік жайт, қолымызда жазылғаннан алдыңғы түсірілген рентгені, жазылғаннан кейінгі түсірілген рентгені бар еді. Алдынғы түсірілгенде аталмыш сырқаты көрініп тұрған болатын, кейінгі түсірілгенінде сырқаттың белгісі мүлде жоқ болып шықты. Дәрігерлер мұның мәнісін маған әрі өздеріне түсіндіріп, айтылғандарды өз араларында мақұлдап, құптап отырғандарын көрдім. Мен сол кезде оларға қарап тұрып, былай дегенім әлі есімде: «Осы айтқандарыңыз сіздер үшін мәнді болуы мүмкін, бірақ мен мұны қабылдай алмаймын. Мен бұл үшін былай деп дұғаны қылдым», – дедім.

Бұл істе Жаратушының жәрдемі бар екендігіне сенуден басқа шарам жоқ. Ол сөзінде тұрды, ендігі кезек менде болатын. Осылайша дін жайлы ізденіс жолына түстім. Тура жолды Христан дінінен табатындығыма сенімім мол еді. Алдымен Яһудилікті үйрене бастадым, бұл мені Христиан дінін үйренуге қарай ойыстырды. Қаншама жыл ақиқатты сол жерден табамын деген ойлап жүрдім. Қаншама жыл өзімді сендіруге тырысып бақтым, Христиан болу үшін қаншама тер төктім. Христиан дінінің барлық тармақтарына барып шықтым. Қанша тармақ, қанша шіркеуге барғаным нақты есімде жоқ. Христиан дініндегі ақиқатты табамын деп жүріп, көптеген сұрақтар қойып, үнемі бір нәрсеге қарсы шыға беретін едім. Біраз нәрсесін құптағаныммен біраз бөлігін түсінбей қиналатынмын. Негізгі сенім мәселелерін поптарға барып әңгімелесетінмін, бірақ қойған сұрақтарымды дұрыс түсіндіріп бере алмайтын-ды. Тағы да басқа сұрақтар қоятынмын, оларға да мардымды жауап бере алмайтын. Мен амалсыздан, жарайды, қош болыңыз деп кете баратынмын. Одан шыққаннан кейін басқа бір Христиан тармағын зерттеуге белбуатынмын. Менің сұрақтарым Исламмен табысқанда ғана жауабын тапты. Менің көңілімдегі тыныштық Исламды қабылдағанымда орнықты. Санамдағы сан түрлі бөлшектердің өзіндік орнын тауып берген Ислам болды.

- Шіркеуге барып жауабын таба алмаған сұрақтарыңыз қандай еді?

- Мен мұның барлығын кітаптарымның негізгі бөлімдерінде түсіндіріп өттім. Дегенмен, ең қарапайым дегендерін айтып өтейін, мен Христиан дініндегі сенім негіздерінің негізін таба алмадым. Мәселен, Үштік сенімі. Бұл туралы Інжілдің ешқандай жерінде айтылмаған. Інжілден үштік деген сөзді кездестірмейсіз. Бұл сенім хазіреті Исадан 300 жылдан кейін шығарылған сенім. Егер бұл дұрыс сенім болғанда, хазіреті Иса бұл жайлы ашық түрде айтқан болар еді деп ойлап, мұны маған растап берулерін талап еттім. Христиандардың үштік ұғымын қалай дәлелдеп беретінін сұрадым. Олар үнемі Інжілдің белгілі бір бөлімдерінде хазіреті Исаның былай деп айтқандығын баяндайтын. «Мен және Әке бірміз» яки «Дүниеде үштік бар, Әке, бала, киелі рух». Жарайды, бұл Інжілде жазулы дейтінмін. Бірақ мұнда мұны жоққа шығаратын дәлелдер бар ғой, мәселен үштік сенімінде ең күшті дәлел Әке, бала және киелі рухқа байланысты айтылған деректеме жай ғана түсініктеме ретінде берілген, бұл түпнұсқадағы мәтіндерде жазылмаған. Бұл кітаптың шетіне мәлімет берілген жазу ғана. Кейіннен бұл мәтіннің ішіне енгізілді. Мен мұны поптарға айтатынмын. Менің қатты ашуыма тиетіні мына жайт болатын мен оларға мұны түсіндіргенде, менің айтқандарымды құптап отыратын. Маған айтып тұрғандарыңыз мәтіннің негізінде жоқ деп айтатынмын. Иә, иә бұл кітаптың бір бұрышына жазылған түсіндірме деп сөзімді құптайтын. Мұны білеміз дейтін... Егер мұның Інжіл еместігін білетін болсаңыздар, мұның Інжілге кейіннен қосылғанын мәлімет екендігін білесеңіздер, ойдан шығарылғандығын қосымша екенін біле тұра, не үшін Құдайдан келген хабар сияқты айтасыздар... Міне, осыған ұқсас көптеген мәліметтерді кітабымнан оқуларыңызға болады. 

Фейзулла Тәйтелиев

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру