БАБАЛАР АМАНАТЫ – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

08 қазан 2026 115 0
Оқу режимі

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып, оны тек құлшылық емес, өмір салты ретінде қабылдаған. Дін олардың жүрегіне иман ұялатып, мінез-құлқын көркейтіп, қоғамда әділдік пен мейірімділіктің орнығуына негіз болды. Сондықтан халқымыз дінді рухани тірек санаған.

Ислам діні қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұраға айналды. Ата-бабаларымыз дін арқылы ұрпағын адалдыққа, ізеттілікке, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі. Құранда Алла Тағала әділдікке, ізгілікке, туыстарға қарайласуға бұйырып, арсыздық пен зұлымдықтан тыйған («Нахыл» сүресі, 90-91-аяттар).

Осы қағидалар ата-бабаларымыздың өмір салтына айналып, қоғамда бірлік пен татулықты сақтауға қызмет етті. Сондықтан бабалардан қалған дінді құрметтеп, оны дұрыс түсініп, келер ұрпаққа жеткізу – әрбір мұсылманның міндеті. Осы тұрғыдан ата-бабаларымыздан жеткен төрт негізгі құндылыққа тоқталайық.

Бірінші: Әділдік – бабалар аманаты

Әділдік – ислам дінінің ең ұлы құндылықтарының бірі. Қазақ халқы да әділдікті жоғары бағалап, ел ішіндегі дауды әділ билердің төрелігімен шешкен. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз әділдіктің адамдықтың биік өлшемі болғанын көрсетеді.

Құранда: «Уа, иман келтіргендер! ... қара қылды қақ жарған әділ болыңдар», – деп бұйырылған («Ниса» сүресі, 135-аят). Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, бұл дүниеде әділдік танытқандар, Рахманның құзырында маржаннан жасалған мінберлерде болады», – деген (имам Мүслим).

Демек, әділдік – дініміздің де, дәстүріміздің де өзегі. Әділдік бар жерде сенім, татулық пен береке орнығады.

Екінші: Ізгілік – ата-баба мұрасы

Қазақ халқы ізгілік пен мейірімділікті ежелден жоғары бағалаған. Ата-бабаларымыз ұрпағына дүние-мүліктен бұрын адамдық пен жақсылық жасауды аманат етті. «Жақсылық қылсаң – қайырымын өзің көресің», «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген нақылдар халқымыздың ізгілікке деген көзқарасын танытады.

Алла Тағала: «Әрдайым жақсылық жасаңдар, шүбәсіз, Алла ізгі іс істегендерді жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 195-аят). Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға ең пайдалысы», – деген (имам Табари).

Адамға пайда тигізу тек материалдық көмекпен шектелмейді. Білім үйрету, ақыл-кеңес беру, дұрыс жол көрсету, қиындықта қолдау да – ізгіліктің көрінісі. Сондықтан халқымыздың «Бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін» деген сөзі осы ұстаныммен үндеседі.

Үшінші: Туыстық қарым-қатынасты сақтау – бабалар мұрасы

Қазақ халқы туыстық байланысты қоғамның бірлігі мен берекесінің негізі санаған. «Ағайын тату болса – ат көп» деген нақыл туыстар арасындағы татулықтың маңызын көрсетеді. Ағайынға қамқор болу, қиындықта қол ұшын беру, қуанышта бірге болу – халқымыздың адамгершілік өлшемдерінің бірі болған.

Ислам діні де туыстық байланысты сақтауға ерекше мән береді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың туыстық байланысты жалғағанды жалғайтынын, ал үзгенді үзетінін жеткізген. Құранда да туыстық қатынасты үзу қатаң ескертіледі («Мұхаммед» сүресі, 22-24-аяттар).

Сондықтан туыстықты сақтау – жай ғана әлеуметтік міндет емес, ата-бабадан қалған қасиетті мұра әрі ұлт бірлігін нығайтатын рухани құндылық. Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деген.

Төртінші: Антқа адал болу – бабалардан жеткен қасиет

Қазақ халқы сөздің қадірін біліп, уәдеге беріктікті адамдықтың өлшемі санаған. «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген нақыл сертке беріктіктің қаншалықты жоғары бағаланғанын білдіреді.

Исламда да уәдеге адалдық ерекше дәріптеледі. Құранда: «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар», – деп, уәдесінде тұратындар мадақталады («Рағыд» сүресі, 20-аят). Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шындықты айту, уәдені орындау және аманатты қайтару секілді қасиеттерді мұсылманның маңызды міндеттері ретінде атаған (имам Ахмад).

Сертке беріктік – ар тазалығының, иман мен адамгершіліктің белгісі. Уәдеге адал болу қоғамдағы сенім мен татулықты нығайтады.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып, оның асыл құндылықтарын ұрпағына аманат етіп қалдырды. Әділдік, ізгілік, туыстық байланысты сақтау және уәдеге адал болу – дінімізбен де, ұлттық тәрбиемізбен де сабақтасқан рухани мұра.

Ислам діні өткен ізгі буынды құрметтеп, олар үшін дұға етуге үндейді. Құранда: «Уа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр!» – деп дұға ету үйретілген («Хашыр» сүресі, 10-аят).

Сондықтан ата-бабаларымыздың ізгі жолын қадірлеп, олардың аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Өткенді құрметтеп, рухани құндылықтарды сақтау – иманды нығайтып, қоғамның бірлігі мен тұтастығын арттырады.

Алла Тағала бізді ата-бабаларымыз ұстанған хақ діннен айырмасын, жүрегімізді иманмен нұрландырып, бабаларымыздың ізгі жолын жалғайтын саналы әрі салиқалы ұрпақтан болуды нәсіп етсін.

 

Пікірлер Кіру