БІЗ АЛЛАДАН СҰРАЙМЫЗ. БІРАҚ БЕРГЕНІНЕ РАЗЫМЫЗ БА?

19 қазан 2026 84 0
Оқу режимі

Адам баласы өмір бойы бір нәрсені қалайды. Бірі денсаулық, бірі отбасы, бірі мол ризық, енді бірі арманының орындалуын тілейді. Қиналғанда қол жайып, Алладан жәрдем сұраймыз. Бірақ бір сәт ойланып көрейікші: біз тек сұрағанымызға жеткенге ғана разымыз ба, әлде Алланың бергеніне де разы бола аламыз ба?

Кейде қалағанымыз орындалмаса, «Неге менің дұғам қабыл болмады?», «Неге басқаларда бар да,менде жоқ?» деп қиналамыз. Алайда адамның болашақта не жақсы, не жаман болатынын толық білуі мүмкін емес.

Құранда:

«Бәлкім, сендер жек көрген дүние сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Сондай-ақ жақсы көргендерің сендер үшін жаман болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят).

Бүгінде өз күйіңді өзгенің өмірімен салыстыру да жиі кездеседі. Әлеуметтік желіден біреудің жаңа үйін, көлігін, саяхатын немесе жетістігін көріп, өз өмірімізге көңіліміз толмай қалуы мүмкін. Бірақ біз өзгенің өмірінің тек көрінетін бөлігін көреміз. Дәл осындай сәттерде шүкіршілік адамға қолындағы нығметті байқауға үйретеді.

Денсаулық, ата-ананың амандығы, баланың күлкісі, отбасының тыныштығы, күнделікті нанымыз – біз үйреніп кеткенімен, үлкен нығметтер.

Шүкір – тек «Әлхамдулиллаһ» деп айту емес. Шүкір – жүрекпен разы болу және бізге берілген нығметтерді қадірлеу. Сондықтан Алладан сұрауды тоқтатпайық. Бірақ дұғамыздың соңында:

«Уа, Раббым! Маған бергеніңе шүкір ететін, сынағыңа сабыр ететін, тағдырыңа разы болатын жүрек бере гөр», – деп те тілейік.

Өйткені кейде өмірімізді өзгерту емес, өміріміздегі нығметтерге деген көзқарасымызды өзгерту қажет.

Алла Тағала баршамызды шүкір етуші, сабырлы әрі разы болған құлдарынан етсін. Әмин.

 

Диқанәлі Медина Мұхтарқызы

Пікірлер Кіру