ДІН ЖӘНЕ ОТБАСЫ

04 қазан 2026 160 0
Оқу режимі

Соңғы кезде болған оқиғалар қоғамның талқысына көп түсе бастады. Осы келеңсіз жағдайларды кейбір азаматтар дінмен байланыстырып та жатыр. Өкінішке қарай, радикалды көзқарастарда жұмақ пен әйелдің ортасына еркекті қоятын түсінік жоқ емес! Яғни әйелдің жұмаққа баруы тікелей күйеуінің ризашылығына байланысты деп «Бір әйелге күйеуі разы болған жағдайда қайтыс болса жұмаққа барады» (Тирмизи, Рада, 10) деген хадисті өздерінің нәпсісі мен эгосының құралына айналдырып жатады. Бұған кейбір уағызшылардың әйелдерді «ұруға» қатысты пікірлері қосылса өздерін «таза мұсылман» санайтындар иланып, өмірлік жар етіп алған жандарға өктемдік көрсетуі «діннің рұқсаты» саналуы мүмкін.

Бірақ, діндарлар арасында «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріне жақсы мәміледе болғандарың» (Тирмизи, Рада, 11) деген дүние көп насихатталмайды. Құранда: «Бір-бірлеріңнен тыныштық табу үшін сендерге жұбайлар жаратуы, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы оның белгілерінен. Ойланған қауым үшін мұнда ғибрат бар!» деуі де отбасындағы қатынастың ізгілікпен байланысты екендігін көрсетеді. Халқымыз да «Үй іші ала болса, керегенің басы толған бәле болады» деп отбасындағы тыныштықтың, татулықтың қаншалықты маңызды екендігін айтады.

Өзінің отбасын тастап, ерінің ұрпағын жалғау үшін өмірін арнаған, нәзіктігі мен әлсіздігі басты ерекшелігі болып табылатын, мәңгілік жары етіп алған балаларының анасын жау көріп тіл тигізу, қол көтеру отбасында сүйіспеншілікті арттырмайды ғой! Тіпті үлкен қисындық қайшылық саналады. Ал өзінің ең жақыны саналатын жұбайына қамқор бола алмаған «ер азамат» елінің қамын қалай жейді, ұлтының, руының, отбасының намысын қалай қорғайды?!

Сонымен бірге, еркектің бас болуы да Құран-Кәрімде бекітілген «Ерлер әйелдердің алдында басымдықта» (Ниса сүресі, 34). Себебі ислам отбасын асырауды ер азаматқа жүктеген. Бұл ер азаматқа абсолютті еркіндік береген деген сөз емес. Нұр сүресінің 30-аятында: «Мүмин еркектерге айт, көздерін харамнан және арын зинадан қорғасын!» дейді. Бұл отбасындағы тұрақтылықтың негізі. Жалпы отбасындағы тұрақтылық өз-ара сенім мен сыйластықта құрылады. Халқымыз «Еркек - үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегенде осы мәселені меңзейді.

Пайғамбардың «Бір адамның ізгілік жолында жұмсаған ақшасының ең абзалы отбасына жұмсаған ақшасы...» (Риязус-Салихин, І, 329) дегені отбасына жұмсалған қаражаттың ең абзал садақа екендігін «Барни» үшін ұрантындар түсіне ме екен?! Тек қана материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету емес, ата-ана балаларын жақсы тәрбиелеу маңызды. «Ата-ана баласына жақсы тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды» делінуі ұрпақтың рухани да жұтаңдықта болмауы керектігін білдіреді. Қазіргі кезде бала тәрбиесін көбіміз білім берумен, тамағын тойдырып, киімін бүтіндеумен шатастырып алып жатамыз. Ал білім әр уақытта рухани тәрбие бола алмайды.

Сондықтан, қазақ «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ата -анадан баланың көрген дүниесі оның рухани тәрбиесіне айналатындығын топшылаған. Әрі «ұяда не көрсе ұшқанда соны алады» деп отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын көрсете білген. Әрине, айрандай ұйып отырған отбасылар аз емес, дегенмен, бір адам жаман болса замандастарының барлығы кінәлі (Абай) дегендей қоғамдағы келеңсіздіктің алдын алуға әрбір саналы азамат үлес қосуы керек! Саналы ұрпақтарымыз көп болсын!

 

Kenshilik Tyshkhanuly

Пікірлер Кіру