«...Екі бауырдың арасын жарастырыңдар»

13 қазан 2020 229 0
Оқу режимі

«Ислам» сөзінің өзі «салима», «юслиму» яғни, «бейбітшілік», «аманшылық» деген түбірден шығады.  Бұл тағы бір жағынан Алла Тағаланың «Әс-Салам»  деген көркем есімімен де байланысты. Бұл мұсылманның бейбітшілікті, тыныштықты жақатайтынын, соған әрекет ететінін білдірсе керек.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде мүміндер бауыр ғой. Сондықтан екі бауырдың арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін, игілікке бөленерсіңдер»[1], - деп бұйырған. Демек, адамдар арасын жарастыру ісі жай ғана адамгершілік, асыл қасиет қана емес, Алла Тағала жақсы көретін құлшылық амалдарының бірі болып табылады.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте былай деген: «Сендерге (нәпіл) ораза, (нәпіл) садақа, (нәпіл) намаздан дәрежесі артық амал туралы айтайын ба?... Адамдардың арасын жарастыру»[2]. Міне, адамдар арасын жарастыру – Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үмметке үлгі еткен сара жолының бірі. Сондықтан да, бұл іс мұсылмандар бей-жай қарайтын амал емес екен.

Адамдарды жарастыру – біздің бабаларымыздың дәстүрінен де ойып орын алған құндылық. Айталық, «араағайындық», «татуластыру» деген салттарымыз соның куәсі. Қазақ жосыны бойынша адамдарды татуластыру ісі қиындыққа тап болып, екі жақ алыстап бара жатса «екі елдің арасын қыз қосады» деп не құда болады, не бірінен бірі бала асырап алысады. «Абай жолы» романыда Құнанбай мен Бөжей арасындағы араздықта Алшынбайдың араағайындығы, ең соңында көптің шешімімен Құнанбайқызы Камшатты Бөжейдің асырап алуы көркем түрде жеріне жеткізіле баяндалады. Мұндай мысалдарды тізбелесек өте көп.

Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір адам: «Иә, Алланың Елшісі ! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда, Расулулла (с.ғ.с.): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап бергені айтылады[3]. Демек, мұсылман үшін таныса да, танымаса да адамдарға Алланың аманшылығын, бейбітшілігін тілеу ең жақсы амалдардың бірі екен. Ондай болса, адамдардың ортасына от жағып, татуды араз, жақынды жат қылу мұсылманның сипаты емес.

Тағы бір хадите Пайғамбарырымыз (с.ғ.с.): «Жаумен кездесуді игі тұтпаңдар, керісінше Алладан амандық сұраңдар»,[4] – дейді.  Ендеше, шынайы мұсылман біреуді «жау көру» тұрғысынан емес, «амандық» тұрғысынан ойлануы тиіс. Мүмін адамның табиғаты озбырлық, біреуге өшпенділік секілді жаман қылықтар емес, тыныштық, татулық секілді игі қасиеттерге толы болуы тиіс.

Хадисте айтлған құндылық, тіпті ойдың өзінде де жақсы ойлау, біреуге жаулық ниетте болмауды меңзесе, мұндай ой тазалығын Абай атамыз «Хұнизан» деп тілге тиек етеді. Абай атамыз Оразбайлар жағынан сабалғанда көршілес керей, найман елдерінің белді атқа мінерлері ата салтымен ара ағайындыққа жүргені бар. Сонда олардың ісін Абай атамыз «ел жамау» деп атайды. Шын мәнінде, адамдар арасын жарастыру ісіне тауып айтылған сөз.

Сан ғасырлық тарихымызда дінімізді рухани темір қазық еткен аталарымыздың «жетімін жылатпауы, жесірін қаңғыртпауының» өзі келесі бір қырынан қарасақ, адамдар арасын жарастырудың нәтижесі екенін аңғарамыз.

Расында да, дәстүрлі Ислам – біздің сан ғасырлық бейбітшілігіміз бен еркіндігіміздің кепілі болған рухани құндылығымыз. Сондықтан да, адамдар арасында туындаған имандылық қағидаттары шеңберінде шешілетін істерді шариғат үкімдері бойынша кішіпейілділікпен, әділдікпен, жанашырлықпен шешіп отыру, осы жолда адамдарға жәрдемдесу, туысқандарды, көршілер мен құда-жегжаттардың басын біріктіріп, ынтымағына себепкер болу өте пайдалы, сауапты істерден болмақ. 

Бұл тұрғыда «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп ағайын арасындағы мәселені ақылман шешетін төл тарихымыздағы ақсақалдар институтын атауға болады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына бір хадисте: «Әр дүйсенбі мен әр бейсенбі күндері жәннат есіктері (айқара) ашылып, Аллаға серік қоспаған әрбір пенденің күнәлары кешіріледі. Тек, басқа бауырымен араздасқан кісіден басқа. «Екеуі татуласып, жарасқандарына дейін, ол екеуінің істерін кейінге шегертіңдер» деп бұйырылады»,[5]делінеді.

Сөз соңында айтарымыз, 

Нұреддин КУЛЕР
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

 


[1] «Хужурат» сүресі, 10-аят.
[2] Әбу Дәуд, Тирмизи.
[3] Сунан Аби Дауд №5194, Бұхари, Муслим хадистер жинағында келген.
[4] Бұхари хадистер жинағы, №2804
[5] Мүслим риуаяты.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру